Риддер қаласында 800 млн теңгеге салынған жол сапасыз болып шықты

0
401

Асфальт толық төселгенмен қалыңдығы талапқа сай болмай шықты.


Риддер қаласында 800 млн теңгеге салынған жол сапасыз болып шықты

ERNUR.KZ. Шығыстағы Риддер қаласындағы автокөлік жолдарының 10 шақырымы осы жазда жөндеуден өтті. Ол үшін облыстық бюджеттен 800 миллион теңге бөлінді, деп хабарлайды Хабар24.

Алайда қыруар қаражатқа атқарылған жұмыс сапасыз болып шықты. Жол сапасын тексеретін республикалық зертхана мамандары төселген асфальттің жобада көрсетілгеннен әлдеқайда жұқа екенін анықтады.

Қала шетіндегі 1 шақырымнан аса айналма жолда бұрын тек қиыршық тас қана болған. Өндіріс нысандары шоғырланған шағын аудан болғандықтан негізінен ауыр көліктер жүреді.

Дегенмен, биыл бірінші рет асфальт төселді. Ол үшін облыстық бюджеттен 23 миллионнан аса теңге бөлінген. Биыл маусымда алғашқы сынама алынып, анықталған кемшілікті қалпына келтіру жөнінде ескерту берілген екен. Алайда мердігер компания басшысы құлақ аспаған. Асфальт толық төселгенмен қалыңдығы талапқа сай болмай шықты. Енді жетпей қалған 2-3 сантиметрдің қайда кеткенін қадағалаушы орган қызметкерлері анықтауға кірісті.


- Маусым айында тексеру болған. Сол кезде жалпы қалыңдығы шықпаған болатын. Кернь алынған. Қайта тексеру барыснда қалыңдығы әлі жетпейтіні анықталды. Яғни нақты қорытындысы 4,15 көрсеттті. Жалпы қалыңдық 6 сантиметр болу керек, -деді «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК инженері Айдос Қабылбаев.

- Көктемде жолдың жағдайын тағы бір тексереміз. Егер бүлінген жері болса кепілдікке сай жөндейміз. Ал жетпейтін 2 сантиметр асфальтты да сол кезде жеткізетін боламыз, - дейді мердігер мекеме директоры Виктор Скрепков.