"Рұқсаттың қажеті жоқ": министр адам ағзаларын алуға қатысты түсініктеме берді

0
965

Заң бойынша қайтыс болған адамның ағзаларын туыстарының рұқсатынсыз алуға болады.


ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов заң аясында адам ағзаларын алу қалай жүзеге асырылатынын түсіндірді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

"Біздің заң бойынша әр азамат көзі тірісінде жазбаша түрде донор болудан бас тартса, онда органдарын алмайды. Басқа жағдайда егер жазбаша бас тартқаны туралы қағаз болмаса, ол адамның ағзаларын алуға заң жүзінде рұқсат етіледі", - деді Біртанов журналистерге берген сұхбатында.

Министрдің айтуынша, бүгінде донорды күтіп жүрген науқастар көп. Ал қазіргі норманың арқасында біраз адамның өмірін сақтап қалуға болады.

"Бірақ кейде туған-туыстар сотқа береді. Неге бізден рұқсат алмай, ағзаны аласыз деп шағымданады. Негізі, заң бойынша рұқсат алудың қажеті жоқ. Адам тірі кезінде қарсы екенін жазып кетуі керек. Мысалы, бүгінде цифровизация аясында емханаға тіркелгенде әр азаматқа донор болуға келісесіз бе, әлде бас тартасыз ба деп ұсыныс жасалады. Көп азаматтар келіседі. Біз осыны пайдаланып, басқа адамдардың өмірін сақтап жүрміз", - деп атап көрсетті Біртанов.