Руслан Дәленов шағын және орта бизнестің үлесі төмендеген өңірлерді атады

0
977

Шағын және орта бизнестің көп үлесі Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына және Шығыс Қазақстан облысына тиесілі.


Руслан Дәленов шағын және орта бизнестің үлесі төмендеген өңірлерді атады

ERNUR.KZ. Еліміздің бірқатар облысында шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесінің төмендеуі байқалады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында аталған бағдарламаның іске асырылу барысы жайында баяндаған ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

"2017 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнестің өнім шығару көлемі 23 трлн теңгені құрады. Бұл ретте, өнім шығару құрылымының бестен бір бөлігі өнеркәсіптің үлесіне тиесілі. 2018 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі әртүрлі өзгерген. Шағын және орта бизнестің көп үлесі Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына және Шығыс Қазақстан облысына тиесілі. Ең төмен бөлігі - Қызылорда, Павлодар және Қарағанды облыстарында. Бұл ретте, соңғы 4 жылда бірқатар өңірлерде шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесінің төмендеуі байқалады. Олар: Батыс Қазақстан және Павлодар облыстары", - деді министр.

Оның атап өтуінше, 2017 жылы ел бойынша өнімнің заттай көріністегі шығарылымының өсімі 2015 жылдың деңгейімен салыстырғанда 128 пайыз немесе 23,2 трлн теңгені құрады.

"Өңірлер бөлінісінде ең үлкен өсім Атырау облысында, Алматы қаласында және Қостанай облысында қамтамасыз етілген. Ең төмен өсім - Ақтөбе, Павлодар және Маңғыстау облыстарында байқалған", - деді Р.Дәленов.