Сағаты - 5 000: Нұр-Сұлтан студенттері танымал жандарды "сатумен" айналыса бастады

0
1 367

Лотқа 22 адам қойылды. Ең қымбат лот құны 33 333 теңге болды.


Сағаты - 5 000: Нұр-Сұлтан студенттері танымал жандарды

ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан жастары адам саудасымен айналыса бастады. Бастамашыл топ танымал адамдардың уақытын сатып, одан түскен қаржыны қайырымдылыққа жұмсамақ ниетте деп жазады kaz.nur.kz.

"Аукцион арқылы белгілі адамдармен кездесуді сатып, одан жиналған ақшаны қайырымдылыққа жұмсаймыз. Сіз қайырымдылық жасап қана қоймай, өзіңізге қызық кісімен кездесіп, уақытыңызды тиімді өткізе аласыз. Кездесуді жоба авторлары ұйымдастырып, барлық жағдайды жасап береді", - дейді ынталы топ өкілі Жұлдыз Джунусова.

Осыған дейін бастамашыл топ университеттегі белсенді жастардың уақытын саудалап, бірнеше отбасыға көмектесіп үлгеріпті.

"Лотқа 22 адам қойылды. Ең қымбат лот құны 33 333 теңге болды. Барлығы 172 088 теңге жиналды. Сонымен қатар, адамдар киімдер мен ойыншықтар әкеліп берді. Көпбалалы төрт отбасыға бардық. Бірі қала сыртындағы жатақхананың бір бөлмесінде тұрады екен. Апайдың сегіз баласы бар. 25 келі ұн, 25 келі қант, ет, балаларына ойыншықтар апарып бердік", - дейді студент Азамат Махамбет.

Cонымен бірге, жастар төрт кішкентай ұл өсіріп отырған жалғызбасты ананың пәтерақысының жартысын төлеп берген. Одан бөлек азық-түлік, балаларына киім-кешек, әйелдің қолына бөлек 10 мың теңге ұстатып кетіпті. Бұдан бөлек тағы екі отбасыға көмек көрсетілген. Студенттер мұқтаж аналардың тізімін мешіттен алғандарын айтады. Алдағы уақытта жастар әртіс, бизнесмен секілді танымал адамдарды да жұмылдыруды көздеп отыр.