Сағынтаев Алматыдағы карантинге байланысты мәлімдеме жасады

0
855

Алматы қаласының әкімі төтенше жағдайға байланысты қалада карантин енгізу туралы ұсыныс енгізгенін айтты.


Сағынтаев Алматыдағы карантинге байланысты мәлімдеме жасады

ERNUR.KZ. Алматыда карантин коронавирус инфекциясының таралуын тоқтату үшін енгізіледі. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

"Мемлекет басшысының шешімімен төтенше жағдай жарияланды. Шешім дұрыс. Қаңтарда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайда коронавирустің таралуына хабарланған сәттен бастап Алматы аумағында инфекцияның алдын алу шарасы жүргізілді. Екі жарым айдың ішінде Алматы әуежайының мемлекеттік шекарасында шұғыл қорғаныс шаралары жасалды", - деді Сағынтаев.
Ол коронавирус өте қарқынды таралып жатқанын алға тартты.
"Бүгінге дейін 15 жағдай тіркелді. Бұл бізді жылдам шешім қабылдауға мәжбүрледі. Сондықтан мен төтенше жағдайға байланысты қалада карантин енгізу туралы ұсыныс енгіздім. Бұл шешім бір сағат бұрын қабылданды", - деді қала әкімі.
Алматыдағы карантиннің басты мақсаты – инфекцияның таралуын тоқтату. Қаланың сыртқы периметрін қатаң бақылауға алу және қала ішінде қатаң карантин режимін енгізу.

Қала әкімінің айтуынша, Алматыда коронавирустың алдын алу үшін бірқатар негізгі шаралар іске асады.
Оның ішінде мегаполисте көшелерді, жаяу жүгінші жуу және дезинфекциялау жұмыстары атқарылады.

"Қоғамдық орындарда, тұрғын үйлерде санитарлық-эпидемиологиялық дезинфекцияны күшейту және іргелес аумақтарды санитарлық тазалау жұмыстары жүргізіледі. Карантин кезінде азаматтар мен көліктердің Алматы қаласы аумағына кіру, шығуы шектеледі", - деді Сағынтаев.

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 32 адамға жетті. Нұр-Сұлтанда – 17 адам, Алматы қаласында – 15 адам.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жарияланды. Ол 30 тәулікке жалғасады.

19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылады. Президент жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия Қазақстанның басқа қалаларына коронавирустың таралуына жол бермес үшін осындай шешім шығарды.

Соған сәйкес, 19 наурызда сағат 19.00-ден бастап екі мегаполисте карантин жарияланады.