​Сағынтаев жаңа салынған үйлерде медициналық мекемелер орналастыруды тапсырды

0
1 296

Халық әлі де сапалы медициналық көмек ала алмай келеді.


​Сағынтаев жаңа салынған үйлерде медициналық мекемелер орналастыруды тапсырды

ERNUR.KZ. Жаңадан салынып жатқан үйлердің төменгі қабаттарында шағын медициналық мекемелерді орналастыру жайы олардың ешқайсысында қарастырылмаған. Бұл жөнінде ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев бүгінгі Үкімет отырысында мәлімдеді, деп жазады Baq.kz.

«Бізде денсаулық сақтау ұйымдары жеткілікті дамыған, оны жақсы білесіздер. Дегенмен де, халық әлі де сапалы медициналық көмек ала алмай келеді. Әсіресе, ауылдық жерлерде», - деді Премьер-министр.

Ол ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың медициналық көмек сапасын жақсарту бойынша шараларына қолдау көрсетуді ұсынды және ведомство өңірлермен бірлесіп, тиісті шаралардың жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Әсет Өрентайұлы (Астана қаласының әкімі – агенттік ескертпесі) жеке кәсіпкерлерді тарту арқылы жұмыс жүргізу бойынша жақсы ұсыныс жасады. Сондай емханалардың санын арттыру, бір дәрігерге жүктелген науқастардың санын төмендету бойынша жақсы жұмыс. Біз кеше Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында болдық. Жаңадан шағын аудан салынып жатыр, яғни, 600 жуық ескі үй ысырылып тастап, екі мыңға жуық пәтер салынады. Қарап отырсаңыз, егер, сол жердегі емханаға алты жүз адам тіркелсе, енді екі мың келеді. Яғни, жүктеме өседі. Ал, салынып жатқан үйлердің бірінші қабаттарына шағын емханалар жоспарланбаған. Қазір барлық облыс орталықтарында Елбасы тапсырмасы бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында көп үйлер салынып жатыр. Олардың ешбірінде бұл қарастырылмаған», - деді Үкімет басшысы.

Ол үкімет мүшелеріне жаңадан салынып жатқан үйлердің төменгі қабатына шағын медициналық мекемелерді орналастыру жайын пысықтауды тапсырды.