"Сахнаны сыйласын" Белгілі ғалым Қабатовтың сөйлеу мәнерін сынға алды

0
1 719

Шерубай Құрманбайұлы рейтинг қуған бағдарламалар көрермен талғамын төмендетіп жатқанын мәлімдеді


Фото:Stan.kz

ERNUR.KZ. Белгілі ғалым Шерубай Құрманбайұлы терминдерді қазақ тіліне сапалы аудару мәселесін қозғай отырып, рейтинг қуған бағдарламалардың қоғамға қауіпті екенін айтты, деп жазады Sputniknews.kz.

Ғалым мақалаларының бірінде еліміздің танымал әзілкештері Тұрсынбек Қабатов пен Нұрлан Қоянбаевтың да сөйлеу мәнерін сынға алған еді. Осы мәселеге қатысты пікір білдірді.

"Нұрлан Қоянбаев пен Тұрсынбек Қабатовты сырттай танығанмен, олармен бетпе-бет кездесіп, сөйлескен емеспін. Олармен алты аласы бес бересім жоқ. Тіл маманы ретінде мақаламда тек олардың сөйлеу мәнеріндегі кемшіліктерді айттым. Алайда бүгінгі "жұлдыздар" мамандар сөзіне аса құлақ аса бермейтін сияқты. Қазір Нұрлан Қоянбаев телеарнадан кетті-ау деймін. Ал Тұрсынбек Қабатов әлі де жұмыс істеп жүр. Қазір теледидарды өте сирек көремін. Оған уақыт жоқ. Қабатовтың хабарларын сүйсініп қарайтындардың қатарынан емеспін. Анда-санда бір көзің шалып қалғанда әзілкештің тілі жақсарып кеткенін байқамайсың. "Жатырған" сияқты жергілікті сөздерді немесе жаргондар мен орыс сөздерін араластырып сөйлеп жатады. Ол ғана емес, ел алдында шыққан соң, кім де болса, әдеби тіл нормаларын сақтап, көпшілікті, сахнаны сыйлауы тиіс қой. Телеарналар бұл істе жұртқа үлгі болуы керек еді, әзірге олай болмай тұр", – дейді Шерубай Құрманбайұлы.

Шерубай Құрманбайұлының айтуынша, рейтинг қуып, талғамы ортадан да төмен көрермендерге бағытталған бағдарламаларды көбейту – болашақ ұрпақтың, жалпы жұртшылықтың, көрермендердің талғамын төмендетеді.

"Керісінше, телеарана көрерменді тұщымды, мағыналы, мазмұнды да сапалы бағдарламалармен, сараптамалық хабарлармен, білім, ғылым, әдебиет, тарих, өнер туындыларының озық өнімдері мен ұлт құндылықтарын дәріптейтін бағдарламалармен тартса ғой дейміз. Телеарналар көремен талғамын өсіретін, тағлымы мол, құнды ақпараттар беретін бағдарламаларды көбейтсе, олар халық талғамының өсуіне және өресі биік көрерменнің көбеюіне жол салар еді деген пікірдеміз", – деді ол.

Осы орайда ғалым бүгінгі телерналардағы кейбір бағдарламаларға көңілі толмайтынын ашық айтты.

"Теледидар көруге уақытым аз. Ал енді көп бағдарламаны қарасақ, құнды ақпарат алып, қуанып қалудан гөрі жүйкеміз тозатын, көңіліміз қалатын сәттер жиірек болады. Алайда бағдарламаның барлығы сапасыз деуден аулақпыз. Аз да болса, сапалы бағдарламалар бар екенін де айту керек. Сондықтан телеарнадағы осындай жағымсыз, ұрыс-керіс, атыс-шабыс, адам өлтіру, зорлық-зомбылық, қорлау сияқты жағымсыз дүниелерді көрсету қоғамға пайдасыз, құнарсыз, мерзімі өтіп кеткен, улы, зиянды тамақ бергенмен бірдей. Менің ойымша, сапасыз, арзан, рейтинг қуған бағдарламалар бізге қажет емес", – деп түйіндеді Шерубай Құрманбайұлы.