​«Самара-Шымкент» тасжолында соқтығысқан автобустарға қатысты қосымша мәліметтер жария етілді

0
1 800

Қызылорда облысының Қармақшы ауданында соқтығысқан екі жолаушылар автобусына қатысты өткізілген брифингте қосымша мәліметтер жария етілді


​«Самара-Шымкент» тасжолында соқтығысқан автобустарға қатысты қосымша мәліметтер жария етілді

ERNUR.KZ. Қызылорда облысының Қармақшы ауданында соқтығысқан екі жолаушылар автобусына қатысты өткізілген брифингте қосымша мәліметтер жария етілді, деп жазады ҚазАқпарат.

Жолаушылар автобусының бірі Қазалыдан облыс орталығына қарай бет алса, екіншісі Қызылордадан Қармақшыға бара жатқан. Екі автобустың ішінде барлығы 86 адам болған. Оқиға орнына дереу жеткен төтенше жағдайлар саласының құтқарушылары көлікте қысылып қалған 5 адамды алып шықты. Олардың 2-і оқиға орнында қайтыс болған. Қайтыс болғандардың бірі 1964 жылы дүниеге келген болса, екіншісі 1997 жылғы облыс тұрғыны. 2011 жылғы бала Қармақшы аудандық ауруханасы жансақтау бөліміне жеткізілгенмен дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алған жоқ.

«Екі автобустағы жолаушылар негізінен Қазалы және Қармақшы ауданының тұрғындары. Жол-көлік оқиғасы туралы хабар алғаннан кейін апат орнына Қармақшы ауданы әкімдігінің мамандары, облыстық денсаулық сақтауғ жүмылдыру дайындығы басқармалары және жергілікті полиция қызметінің, төтенше жағдайлар және ішкі істер департаменттеріні басшылары барды. Оқиға орнында жергілікті полиция қызметінің 34 қызметкері, төтенше жағдайлар департаментінің 34 маманы, медицина саласының 130 қызметкері жұмылдырылды. Медицина мамандарының арасында 16 дәрігер бар. Сондай-ақ, онда 12 жедел жәрдем бригадасы қызмет атқарды. Жол апаты салдарынан зардап шеккен 74 жолаушыға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Олардың арасында 29-ы Қармақшы, Жалағаш аудандық ауруханалары мен облыстық медицина орталығына жеткізілді», - деді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Жаңабаев.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Ілиясов оқиға орнына 3 санитарлық авиация қызметі барғанын айтып өтті. Дәрігерлер 45 жолаушыға алғашқы медициналық қызмет көрсеткен. Оларға амбулаторлық ем тағайындалды. Қазіргі таңда 29 ауруханада ем қабылдаса, 49-ы үйіне қайтарылған.

«Қазір жол апатының себеп салдары анықталып жатыр. Жолда жүру барысында тайғақ болу секілді ешқандай қиындық болмағаны анықталды. Автобус жүргізушілерінің құжаттары дұрыс, барлығы тиісті талаптарға сай келеді. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деді Қызылорда облысының Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Бауыржан Ибраев.

Естеріңізге сала кетелік, Сыр өңірінде мұндай жол апаты қазан айының басында да орын алған болатын.