Сауда министрі темекіні сатып алғанда құжат көрсетуді міндеттейтін норманы өзгертті

0
577

​Енді алкоголь және темекі өнімдерін сатып алушының 21 жасқа толғанына күмән туса ғана оның жеке басын куәландыратын құжат талап етіледі.


Сауда министрі темекіні сатып алғанда құжат көрсетуді міндеттейтін норманы өзгертті

ERNUR.KZ. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов алкоголь және темекі өнімдерін сатуды реттейтін бұйрыққа қол қойды, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Бұған дейін халық денсаулығы туралы жаңа кодекс темекі саушыларды сатып алушылардан құжат талап етуге міндеттейтіні туралы хабарланған болатын.

Министрдің бұйрығында бұл тәртіп өзгерді. Енді алкоголь және темекі өнімдерін сатушы сатып алушының 21 жасқа толғанына күмән келтірсе ғана оның жеке басын куәландыратын құжатты талап етеді.

Осылайша, Қазақстанның Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексінің 110-бабына сәйкес алкоголь және темекі өнімдерін сататын адамдар:

  • жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуді талап етуге;
  • егер жеке басын куәландыратын құжат ұсынылмаған жағдайда, темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекі бұйымдарын, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекіні қыздыруға арналған жүйелерді, электронды тұтыну жүйелері мен оларға арналған сұйықтықтарды сатудан бас тартуға құқылы.

Айта кетейік, жаңа кодекс қабылданғаннан кейін көптеген азамат алкоголь және темекі өнімдерін сатып алу кезінде жеке басты куәландыратын құжатты ұсыну талабына шағымданған болатын. Яғни, кодекске сәйкес барлық сатып алушы сатушыға жеке басын куәландыратын құжатты ұсынуға міндетті болды. Сатып алушының жасы 21 жастан асқан болса ғана сатушы тауарды сатады.