"Сауда үйі еденіне төселген зират тасы": Өскемендік еденіндегі плитадан әкесінің суретін танып шошыды

0
1 255

Евгений Кречетов 2004 жылы көктемде жерленген.


ERNUR.KZ. Өскемен қаласының тұрғыны "Әлем" сауда үйінде төселген құлпытастың бөлшегінен өзінің әкесінің суретін таныған, деп жазады baq.kz.

Наталия достары жіберген видеодан 15 жыл бұрын қайтыс болған әкесінің суретін көрген. Ол тек суретті ғана емес, сауда үйіне төселген құлпытасты да таныған.

Видео авторлары құлпытастағы суреттерді өшіргенін айтады, дегенмен кейбірі әлі тұрған көрінеді.

"Менің әкем Евгений Кречетов 2004 жылы көктемде жерленген болатын. Ал 2014 жылы құлпытасты жаңартпақ болдық. Суретші ескі суретті реставрациялаудан бас тартып, жаңа құлпытас қоюға кеңес берген болатын. Ескі суретті қайтармады, біз оны жойып жіберген шығар дедік. Бес жыл өткен соң осындай жаңалық естіп отырмыз. Қалай ғана осындай әрекетке барған. Адамдардың суреттерін неге алып тастамаған?", - дейді Наталия Андреева.

"Полицияда қылмыстық іс қозғала ма, жоқ па белгісіз екендігін айтты. Азаматтық сотқа жүгіну керек деді. Әлеуметтік желіде жария болған видеоның маңызы жоқ деді. Біздің отбасымызға өте ауыр болды. Мен маған суретті қайтарып беруін және құлпытастарды сатқан адам мен жұмысты қабылдаған адамдардың жазалануын талап ететін боламын", - деді ол.

"Аталған факті бойынша ҚР ҚК 294-бабы бойынша ("Тағылық") сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды", - деді Өскемен қаласы полиция басқармасының басшысы Дәуір Ибраев инстаграмда.

Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік желіде "Алем" сауда үйінен түсірілген фото мен видео желіде тарап кеткен болатын.

Сонымен қатар, сауда үйінің едені неліктен құлпытас бөлшектерінен төселгені белгілі болған еді.