"Селфи жасай алады" - Мемлекеттік қызметкерлерге смартфон ұстауға рұқсат берілді

0
1 261

Жұмыста смартфон ұстауға рұқсат берілді.


Мемлекеттік қызметкерлердің қолы ұзарды. Оларға жұмыста смартфон ұстауға рұқсат берілді. 2016 жылдан бері қолданыстағы заңның күшін жоюға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы себеп болды. Қағаз бен компьютерден бас көтермейтін мемлекеттік қызметшілер енді бір сәт серігіп, смартфон ұстап, селфи де жасай алады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Цифрландыру, жаңа технология деп ұрандап, тіпті сондай министрлік құрып, бірақ жұмыста смартфон ұстауға тыйым салынды. 2016 жылдың наурызынан мемлекеттік қызметшілер үшін осындай тәртіп бар еді. Президент Тоқаевтың тапсырмасымен ол заңның сөбесі сөгілді. Шіреніп, костьюм киіп, бірақ арзан, қарапайым телефон ұстайтын мемлекеттік қызметшілер енді жұмыс уақытында да смартфонды қолдана алатын болды.

"Әрбір жұмыскерге, жұмысқа оң ықпалын беретін шығар деп ойлаймын. Себебі, ақпаратпен алмасудың оңай тетігі" - дейді ҚР қаржы министрі Әлихан Смайылов.

Кезінде смартфонға мемлекеттік органның ішіндегі әлдебір құпия деректер, суреттер, ақпараттар қолдан қолға тарап кетпес үшін тиым салынған болатын.

«Мен ойлаймын, мемлекеттік қызметкерлер, біз цифрландыру ғасырында тұрып жатырмыз. 21 ғасыр, мемлекеттік қызметкерлер жұмыс істей алмай қалады. Ал ақпараттар шығып кетеді деп қорқудың қажеті жоқ" - дейді ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Нұржан Әлтаев.

Білім министрлігіндегі шенеуніктер смартфонсыз жұмыста отырғанда, оқушылардың телефонға түсірген түрлі видеосы әлеуметтік желіні кезіп жүретін. Оқиғаларды әркімнен бір еститін сала басшылары да бұл жаңалыққа бөріктерін аспанға лақтырып қуануда.

"Қиын болғаны рас смартфонсыз. Таңертең ерте тұрып немесе кешке жұмыстан кейін ғана жазасың, қарайсың. Бір құжатты жіберуге, жалпы жұмысты жылдам істеуге уақытты үнемдеуге өте ыңғайлы" - дейді ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Бибігүл Асылова.

Бір қызығы, кезінде жұмыста смартфон қолдануға тыйым салуды қолдаған кейбір шенеуніктер, енді рұқсат беруді де «табылған шешім» деп қуануда. Айта кетейік, бұл тәртіп тек мемлекеттік қызметшілерге, яғни министрліктегілер мен әкімдіктегілерге ғана міндетті болатын. Ал заң шығарушы орган Парламент депутаттары үшін смартфон ұстауға тыйым салынған жоқ.