​Семейде өрттен көз жұмған балалардың ата-анасымен психологтар жұмыс істеуде

0
1 395

Қазіргі уақытта қайғы құшағындағы отбасымен психологтар жұмыс істеп жатыр. Қала әкімдігі балаларды жерлеу бойынша барлық қажетті шараларды ұйымдастырады.


​Семейде өрттен көз жұмған балалардың ата-анасымен психологтар жұмыс істеуде

ERNUR.KZ. Семейде ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Әсем Нүсіпова, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов және төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Қанат Әбділовтың қатысуымен 1 сәуір күнгі өрт бойынша брифинг өтті, деп жазады ҚазАқпарат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 1 сәуір күні сағат 14:19-да Суықбастау кенті, Цветочная, 3 мекенжайындағы №1 пәтерден өрт шығып, 4 жəне 7 жастағы екі бала ажал құшқан болатын. ТЖБ жедел бригадалары сағат 14:29-да шақырту орнына келіп, 2 қабатты тұрғын үйдің №1 пәтерінде 5 шаршы метр көлемінде жиһаз жанғанын анықтады. Өрт сөндіру барысында 2012 жылы туған Эдуард Темерканов пен 2015 жылы туған Александр Темеркановтың денесі табылды. Балалар жедел жәрдем келгенге дейін көк түтінге уланып, қаза тапқан.

Қала әкімі Ермак Сәлімов бірден қайғылы оқиға орнына шығып, жағдаймен жеке танысты. Қазіргі уақытта отты абайсыз қолдану, балалардың отпен ойнауы немесе өртеу нұсқасы қарастырылуда. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.

Оқиға орын алған уақытта балалардың 28 жастағы анасы Анастасия Темерканова үйде болмаған. Жүкті əйел балаларды үйде қалдырып, дәрігердің қабылдауына кеткен. Ал əкесі Виктор Темерканов Нұр-Сұлтан қаласында құрылысшы болып жұмыс істейтіндіктен өрт уақытында Семейде болмаған.

«Полиция органдарының ақпараты бойынша, соңғы жарты жыл ішінде осы мекенжайда 17.11.2018 және 23.02.19 күндері екі мәрте тексеріс болған. Өкінішке қарай, соңғы тексеру кезінде үй иелері полиция мен өрт сөндірушілерге есік ашпаған»,- делінген ақпарат орталығы таратқан хабарламада.

Қазіргі уақытта қайғы құшағындағы отбасымен психологтар жұмыс істеп жатыр. Қала әкімдігі балаларды жерлеу бойынша барлық қажетті шараларды ұйымдастырады.