Сенат депутаттары 31 мамырда «Аза тұту минутын» өткізуді ұсынды

0
2 462

Олар құпия деректерді қолжетімді етуді сұрап отыр


Сенат депутаттары 31 мамырда «Аза тұту минутын» өткізуді ұсынды

ERNUR.KZ. Жыл сайын 31 мамырда мемлекеттік деңгейде «Аза тұту минутын» өткізу керек. Мұндай пікірді сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы жоғары палатаның кезекті отырысында айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Сенатор өзінің депутаттық сауалында ашаршылық тақырыбын қозғап, тарихи оқиғаны жан-жақтты зерттеу үшін ғалымдардың отандық және шетелдік мұрағаттарға қол жеткізе алуын қамтамасыз ету керегін алға тартты.

«Аштық туралы есептер мен статистикалық деректер қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларының еңбектері, корреспонденциялары туралы материалдар бұрынғы қауіпсіздік органдарының архивтеріне түсіп, кейін қайтарылмаған. Ашаршылыққа қатысты көптеген құжат пен құнды материалдар Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлік архивтерінде сақтаулы. Бұл мәліметтер осы күнге дейін әлі құпия болғандықтан, оған зерттеушілердің кіруі қиын», - деді Мұрат Бақтиярұлы.

Сондай-ақ, сенатор тарихшылардың зерттеулерінде нақты деректердің жоқтығын да атап өтті.

«Тарихшылар ашаршылық жылдары қайтыс болған, Қазақстаннан тыс жерге ауып кеткен, түрлі індеттер мен жұқпалы аурулардан көз жұмған адамдардың саны туралы нақты мәліметтер айтпайды. Тек жуықтап әрі шамалап айтуға ғана мәжбүр», - деді спикер.

Сенат депутаттары ғалымдардың зерттеу жұмыстарын қолайлы ету мақсатында үкіметтен осы саладағы «құпия» деген белгілерді алып тастауды және көрші елдердің мұрағаттарындағы ашаршылық туралы зерттеулер жүргізу жұмыстарын ұйымдастыруды сұрайды.

Үкімет басшысына жолдаған сауалының соңында халық қалаулысы жыл сайын 31 мамырда «Аза тұту минутын» өткізу туралы ұсынысын жеткізді.