Сенат құпия хаттарды таситын қызмет туралы заңды қабылдады

0
510

Фельдъегерлік бөлім қызметкерлері қарумен, формамен және арнайы құралдармен қамтамасыз етіледі.


Сенат құпия хаттарды таситын қызмет туралы заңды қабылдады

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

ERNUR.KZ.Парламент сенаты мемлекеттік фельдъегерлік байланыс туралы заңды қабылдады, деп жазады Sputnik Қазақстан.


Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, фельдъегерлік қызметті ұйымдастыратын құзырлы орган – премьер-министр кеңсесі.


"Бұл қызметтің міндеті – үкіметтің хат алмасу жұмысын қамтамасыз ету, мемлекеттік органдардың аса маңызды әрі құпия хаттарын тасу, арнайы пошталарды ТМД-ға мүше елдерге жеткізу", – деді министр сенаттың жалпы отырысында.


Сондай-ақ, ол фельдъегерлік бөлім қызметкерлері қарумен, формамен және арнайы құралдармен қамтамасыз етілетінін атап өтті. Бірақ ішкі істер органдарының қызметкерлері сияқты қылмыс ашып, тергеу жүргізбейді. Сондықтан ішкі істер органдарының құрамына және штатқа кірмейді. Ал, заң жобасын әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе зерделенген. Бүгінде Ресей, Тәжікстан, Молдова, Әзербайжан, Түрікменстан және Армения сияқты елдерде фельдъегерлік байланыс туралы арнайы заң қабылданған.


«Аталған заң жобасының мақсаты, біріншіден, – фельдъегерлік қызметтің құқықтық мәртебесін бекіту. Екіншіден, ТМД елдері арасында фельдъегерлік байланыс тәжірибесін жасау. Үшіншіден, осы саладағы қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелері үшін әлеуметтік кепілдіктер бекіту», - дейді Тұрғымбаев.


Нәтижесінде, сенат мемлекеттік фельдъегерлік байланыс туралы заңды бірауыздан қабылдады. Құжат президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол қоюына жіберіледі.