Шамалғандағы апатта зардап шеккен әйел ауруханадан үйіне босап шықты

0
848

Әйел адамға әрі қарай амбулаторлық ем-дом және психологтың көмегі керек.


Шамалғандағы апатта зардап шеккен әйел ауруханадан үйіне босап шықты

ERNUR.KZ. Шамалған станциясындағы апат кезінде зардап шегіп, ауыр жағдайда қос баласымен ауруханаға түскен әйел үйіне шықты, деп жазады Zakon.kz.

Сол кездегі пойыз бен автобус соқтысқан апаттан автобус жүргізушісі қайтыс болған. 2014 және 2016 жылдары туылған екі бала мен 33 жастағы әйел ауыр жағдайда Қарасай аудандық ауруханасына жеткізілген.

7 қазанда әйелді үйіне босатты. №7 қалалық клиникалық аурухананың баспасөз қызметі әйелдің денсаулығы қанағаттанарлық деңгейде деп атады

"Бірақ оған одан әрі амбулаториялық-емханалық ем қажет. Ал апат кезінде алған жарақаттарына келетін болсақ, біз ол кісіге екі рет ота жасадық. Операция өте күрделі болды, бірақ сәтті өтті. Оны үйіне босатуымыз ол дертінен таза айығып кетті дегенді білдірмейді. Оған оңалту ем-домдары қажет. Қазір ол ақырындап аяғын басады. Бір сөзбен айтқанда, аяғынан тік тұрғызып бердік. Одан бөлек әйел адамға психологтың көмегі қажет. Ол қатты шошынып қалған. Жарақаты бар, өмірі үшін аурухана қабырғасында күресіп жатқан балаларына деген алаңдаушылығы бар, соның бәрі оған ауыр тиюде, деді баспасөз қызметіндегілер Zakon.kz агенттігіне.

Осы апаттан зардап шеккен әйелдің балалары - екі қызы қазір Алматыдағы Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығында жатыр.

Олар бас сүйек-ми жарақаттарымен, мидың контузиясымен ауыр жағдайда ауруханаға келіп түскен. Үлкенінің маңдай сүйектері сынған. 15 қыркүйекте үлкеніне Қаскелең ауруханасында бас-сүйегіне ота жасалды.

Еске сала кетейік 15 қыркүйекте Алматы облысында пойыз бен автобус соқтығысып жүргізуші көз жұмған болатын.