Шәмшидинова: Баланы 6 жастан мектепке беру - міндетті

0
1 567

Балабақшалардың жанында мектепке дайындық тегін жүргізіледі.


Шәмшидинова: Баланы 6 жастан мектепке беру - міндетті

ERNUR.KZ. ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова 6 жасқа толған балалардың балабақшадан шығарылуына қатысты түсінік берді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Заңда 6 жастан бастап баланың мектепте білім алатындығы нақты жазылған. Сондықтан ата-аналар 6 жастан бастап балаларын мектепке бергені дұрыс. Жалпы, бұл заңда жазылғандықтан, міндетті саналады. Бірақ, біз әрбір адамның дербес екендігін білеміз. Осы тұрғыдан алғанда, ата-аналардың өздері де баласының қаншалықты мектепке баруға дайын екендігін қарауы керек шығар. Бірақ, бұл, ата-анасы қаласа, баласын мектепке жібермейді деген сөз емес. Өздеріңіз де білесіздер бұл мәселе заңға таяуда ғана енгізілді. Сол себепті министрлік қазіргі уақытта оған мониторинг жүргізіп отыр», - деді Күләш Шәмшидинова Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның атап өтуінше, балабақшалардың жанында мектепке дайындық тегін жүргізіледі.

«Егер бала мектепке дайындықты, мәселен, 5 жас 8 айында бастаса, онда ол қалай болғандада мектепке дейінгі ұйымдағы дайындық бағдарламасын аяқтауы тиіс. Әрине, бұл ретте басқа мәселе бар. Егер тексеруші ұйым келсе, онда оның тарапынан «6 жасқа толған бала неліктен балабақшада жүр» деген сауал туындайды. Сондықтан қазір бұл мәселені шешудің заңды жолын қарастырып жатырмыз», - деді Білім министрі.