Шашын боятуға кетіп өлі табылған 13 жастағы қыздың өліміне қатысты іс жабылды

0
957

​Іске қатысы бар жалғыз күдікті марқұмның денесі табылардан бір күн бұрын өзіне қол салған.


Шашын боятуға кетіп өлі табылған 13 жастағы қыздың өліміне қатысты іс жабылды

ERNUR.KZ. Ақмола облысының полициясы 13 жастағы Әйгерім Хайдарованың өліміне қатысты қылмыстық істің тоқтатылғанын хабарлады. Оған күдіктінің қайтыс болуы негіз болды, деп жазады sputnik.kz.

2020 жылдың 20 тамызында Нұрлы көш кентінің тұрғыны (Көкшетаудан 8 шақырым жерде) Әйгерім Хайдарова із-түзсіз жоғалған. Ол сағат 15.00 бірнеше шақырым жерде орналасқан Красный Яр ауылына шаш бояту үшін шығып кеткен. Салонда қызға қажет реңк табылмай, ол кетіп қалыпты. Содан кейін жасөспірімді ешкім көрмеген. Оның денесі бір аптадан кейін табылды.

Жасөспірімді полиция мен еріктілер іздеді. 28 тамызда Красный Яр ауылынан бес шақырым жерде орналасқан полиция басқармасының қызметкерлері зорлықпен өлтірілген қыздың денесін орман алқабынан тапты. Мәйіт топырақпен көмілген.

Сол кезде полиция ҚР ҚК 99-бабы 3-бөлігі ("адам өлтіру") бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Кейіннен іс ҚК-тің 120-бабы 4-бөлігі ("зорлау") бойынша да қаралды.

Тергеуден кейін өзіне қол жұмсады

Қыздың денесі табылардан бір күн бұрын Красный Яр ауылында жергілікті тұрғын Василий есімді 30 жастағы ер адамның өзін өлтіргені белгілі болды. Одан Әйгерім Хайдарованың жоғалып кетуі бойынша куәгер ретінде жауап алынған.

Ақмола облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, ер адамнан Хайдарова жоғалып кеткен күні оны көруі мүмкін куәгер ретінде жауап алынған. Оның көлігі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Жауап алынғаннан кейін ер адам анасымен бірге үйіне жіберілген. Анасы жауап алынып жатқан кезде полиция басқармасында күтіп отырған.

Сол аралықта әлеуметтік желіде видео тарап үлгерді. Красный Яр ауылының тұрғындары полицияны өзін-өзі өлтіру халіне жеткізді деп айыптады.

Күдікті жоқ, іс те жабық

"Күдікті адамның қайтыс болуына байланысты қылмыстық істі тоқтату туралы процессуалды шешім қабылданды", - деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полицияның хабарлауынша, сотқа дейінгі тергеу барысында оннан астам сот сараптамасы жүргізіліп, 100-ден астам адамнан жауап алынды.

"Жәбірленуші мен күдіктінің қай бағыт бойынша жүргені бақылау камералары арқылы қаралды. Олардың ұялы телефоны тексерілді. Күдікті анықталды, оның кінәсін дәлелдейтін жеткілікті мәлімет бар", - деді полиция.

Қылмыстық іс материалдарымен жәбірленушінің өкілдері мен күдіктінің анасы, сондай-ақ адвокат танысып шықты.

Полицияның хабарлауынша, олар тергеу органдары ұсынған дәлелдерге қарсы пікір айтпады, процессуалдық шешіммен келісті.