Щучинскіде екі адам "терроризмді насихаттау" күдігімен қамалды

0
1 184

Биыл 23 сәуірде Ақмола облыстық ҰҚК департаментінің аға тергеушісі Талғат Шаймерденов күдіктілердің туыстарына Ғалымжан Әбілқайыров пен Дадаш Мәженовтің ұсталғаны және Бурабай аудандық ішкі істер бөлімінің уақытша ұстау изоляторына жабылғаны туралы хабарлаған.


Щучинскіде екі адам

Ақмола облысының Бурабай аудандық соты Щучинск қаласының екі тұрғыны, өздерін "салафитпіз" дейтін 30 жастағы Ғалымжан Әбілқайыров пен 28 жастағы Дадаш Мәженовті екі айға қамау туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

Қамалғандардың адвокаты Бақыт Сүлейменованың сөзінше, екеуін де әлеуметтік желілерде "терроризмді насихаттады" деген күдікпен ұстаған.

- Олар өздерінің ешнәрсе таратпағанын, тек ілген аудиоларын тыңдаған адамдар болғанын айтады. Біреуінің достығында 420 адам, екіншісінде 300 адам болған, — дейді адвокат.

Ғалымжан Әбілқайыровтың әйелі Жадыра Бекенова тыйым салынған діни аудио дәрісті күйеуі мен Дадаш Маженовтің 2016 жылы "ВКонтакте" желісі арқылы тыңдағанын, кейіннен оларды өшіріп тастағанын айтады.

- Бұл - екі жыл бұрын болған оқиға. Ол кезде бұл файлдарға тыйым салынбаған. Тек 2017 жылы ғана тыйым салу жөнінде шешім шыққан. Одан кейін күйеуім оларды бірден өшіріп тастады. Бірақ олар Интернеттің базасында қалып қояды екен (google-cash болуы мүмкін. — ред.), ҰҚК тауып алған, - дейді Жадыра Бекенова.

Оның сөзінше, Дадаш Мәженов "ВКонтакте" желісіндегі парақшасын әлдеқашан өшіріп тастаған.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) баспасөз қызметі бұл іс бойынша ресми сауал жіберуді сұрап, түсініктеме беруден бас тартты.

ҰҚК-нің Ақмола облыстық департаменті де бұл іске қатысты мәлімет беруден бас тартты.

Биыл 23 сәуірде Ақмола облыстық ҰҚК департаментінің аға тергеушісі Талғат Шаймерденов күдіктілердің туыстарына Ғалымжан Әбілқайыров пен Дадаш Мәженовтің ұсталғаны және Бурабай аудандық ішкі істер бөлімінің уақытша ұстау изоляторына жабылғаны туралы хабарлаған.