Шенеуніктер ұшақ апатынан қаза тапқандардың санын шатастырғандарын мойындады

0
793

Талғат Ластаев жергілікті атқарушы органдардың апат бойынша ақпарат беруге құқығы жоқ екенін айтты.


Шенеуніктер ұшақ апатынан қаза тапқандардың санын шатастырғандарын мойындады

ERNUR.KZ. Алматы маңындағы Bek Air ұшағының апатынан кейін қала әкімдігі 15 адамның қаза тапқанын хабарлады. Кейін ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті қайтыс болғандардың жалпы саны 12 адамды құрайды деген ақпарат таратты, деп жазады Stan.kz.

Зардап шеккендер санындағы шатасуды Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев түсіндірді.

«Ресми ақпарат беруге тек ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті құқылы. Арналар да осы 12 санын айтты. Түрлі мәліметтер бар екені анық. Баспасөз мәслихатында вице-премьер мен комиссия отырысында жариялаған сан да – 12 адам», – дейді Мамандандырылған құзыреттілік орталығында болған брифинг кулуарында.

Ол жергілікті атқарушы органдардың - әкімдіктердің бұл іс бойынша ақпарат беруге құқығы жоқ екенін түсіндірді.

«Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі ресми статистика беруге құқылы. Олардан басқа ешкім жоқ. Өйткені жалпы іздестіру-құтқару жұмыстарын Ішкі істер министрлігі үйлестіреді. Ал ауруханада қайтыс болғандар Денсаулық сақтау министрлігінің құзырында», – дейді Ластаев.
Ол Bek Air-дің Fokker 100 ұшағы апатқа ұшыраған кезде қаза тапқандар мен жараланғандардың санын төмендету фактілері болмады деп ресми түрде сендірді.

«Ауруханаларда 54 адам бар, олардың 18-інің жағдайы ауыр», – деп айта кетті.