Шетелде қазақстандық жоғары оқу орнының 3 филиалы ашылды – Саясат Нұрбек

0
521

2025 жылға дейін студенттердің стипендиясын 2 есе өсіру жоспарланып отыр.


Шетелде қазақстандық жоғары оқу орнының 3 филиалы ашылды – Саясат Нұрбек

ERNUR.KZ. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек министрліктің кеңейтілген алқа отырысында жүзеге асырылған бастамалар туралы айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Былтыр мемлекеттік тапсырыстың көлемі 10%-ға артты. Оның ішінде алғаш рет мемлекеттік тапсырыстың 60%-ы техникалық бағыттарға орналастырылды. Студенттердің шәкіртақысы 20%-ға өсті. Жоғары білімнің интернализациясы шеңберінде QS рейтингісінде 16 жоғары оқу орны бар. 3 университет Times Higher Education рейтингісіне енді. Шетелде қазақстандық жоғары оқу орнының 3 филиалы ашылды», - деді Саясат Нұрбек.

Министр сайлауалды платформаға тоқталды.

«Президент 7 жылға сайланды. Алдымызда 7 жылға үлкен жоспарлар тұр. Күмәнға орын да, уақыт та жоқ. Бәріміз бірігіп, берілген тапсырмаларды жүзеге асыруға атсалысуымыз керек. Мемлекет басшысы сайлауалды бағдарламасында бірқатар тапсырма берді. Алдымен жоғары оқу орнының басшыларына бәріміз бір команда болып, тапсырмаларды сапалы орындауға күш салу керегін айтқым келеді. Күмәнға, ойынға уақыт жоқ. Алдымызға нақты міндеттер қойылды. Конституцияға өзгерістер енгізілді. Сайлау өтті. Президент сайланды. Президенттің тапсырмасын сапалы орындау үшін 7 жыл бойы жұмыс істеу керек», - деді Саясат Нұрбек.

Оның айтуынша, 2025 жылға дейін студенттердің стипендиясын 2 есе өсіру жоспарланып отыр.

«Сондай-ақ 2025 жылдан келесі кезеңге стипендия тағы осынша артады. Сондықтан бюджетте тиісті қаржының көлемін ескеру керек. Біз біртіндеп гранттың құнын арттырамыз. Себебі, жоғары оқу орындарына стипендия мен оқытушылардың жалақысын өсіруге мүмкіндік берілуге тиіс. Барлық студентке халықаралық цифрлық кітапханаларға тегін қосылуға жағдай жасау керек. Бұл - білім алу үшін маңызды», - деді ол.