Шетелдік көліктердің кей түрін кеден салығынсыз әкелуге болады

0
528

Қазақстан азаматтарына 2024 жылға дейін сырттан 25 мың электромобиль әкелуге рұқсат беріліп отыр. Бұл көліктер үшін кеден салығы төленбейді.


Шетелдік көліктердің кей түрін кеден салығынсыз әкелуге болады

ERNUR.KZ. Мұндай шешімді Еуразия экономикалық кеңесі қабылдады, деп жазады Экспресс К.

Электромобильдерді баж салығынсыз кіргізуге квота Еуразиялық одақтың барлық елдеріне берілген. Бұл тізімде тек Ресей жоқ.

Қазақстанға қарастырылған квота — 2022 жылы 10 мың көлік, 2023 жылы 15 мың көлік. Беларусь үшін де дәл сондай. Арменияға 7 және 8 мың, Қырғызстан бірінші жылы 5, сосын 10 мың көлік кіргізе алады.

Ресейде жеңілдік енгізу мәселесі қарастырылмаған. Себебі көршіміз өз өндірісін дамытуды дұрыс көріпті. Сондықтан да Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь және Армения азаматтары 3 жыл ішінде ресейліктерге электромобиль сата алмайды.

Квотаның арқасында қазақстандықтарға сырттан электромобиль әкелу тиімді болмақ. Мұндай машиналар үшін біздің елдегі утилалым да арзан: бар болғаны 50 АЕК құрайды.

Алайда бұл ретте мемлекет пайдасына төленетін бір төлемнің бар екенін ұмытпау керек. Ол — алғашқы тіркеу үшін алынатын салық.

Зауыттан шыққанына екі жылдан аспаған электромобильдер үшін төлем 0,25 АЕК болады. Ал 2-3 жыл жүрген көліктерге 25 АЕК төленуі тиіс. Ал үш жылдан асса төлем бірден 250 АЕК-ке бір-ақ барады. Ол қазір 767 750 теңге болады.