ШҚО-да 74 елді мекенге тасқын қаупі төнуі мүмкін

0
1 166

Тасқын қаупі 74 елді мекенде сақталады. Алдын алу шараларының арқасында 14 елді мекеннің дайындығы тас-түйін деңгейге жетіп тұр.


ШҚО-да 74 елді мекенге тасқын қаупі төнуі мүмкін

ERNUR.KZ. Төтенше жағдай өкілдері Шығыс Қазақстан облысында қанша елді мекенге қауіп төнуі мүмкін екенін айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

Былтырғы көктем шығысқазақстандықтардың есінен кете қойған жоқ. Дайындық қазірдің өзінде қызу жүріп жатыр. Тасқынға осал деген орындарда арықтарды аршу, қар тазалау жұмыстары жанданды. Ал су бөгеттері мен өзендердің жағасы бекемделуде. Беті қалың қатқан өзендерде жуық арада мұз жару шаралары ұйымдастырылмақ.

«Қардың қалыңдығы жылдық мөлшерден асып кеткен. Синоптиктер әлі де қар жауады деп отыр. Тек топырақтың тоңы былтырғыдай терең емес. Тасқын қаупі 74 елді мекенде сақталады. Алдын алу шараларының арқасында 14 елді мекеннің дайындығы тас-түйін деңгейге жетті. 12 елді мекенде қауіп деңгейі бәсеңдетілді» - делінген төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті таратқан ақпаратта.

Облыс бойынша осы дайындықтарды пысықтайтын 6 жедел топ құрылған. Ал су сорғыш техниканың саны былтырғыдан үш есеге артқан. Былтырғы жағдайдан кейін респбуликалық бюджеттен де, жергілікті қазынадан да қажет техника мен құтқару құралдарын алуға қаражат бөлінген болатын.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті жұмылдырған күш 1000 адамнан асып отыр. 300 жүрдек техника, 60 жүзу құралы, 10 тікұшақ пен 1 ұшақ сақадай сай тұр.