ШҚО-да биыл жыл соңына дейін 200 автобус құрастырылады

0
1 048

Зауыттан құрастырылған автобустар Семей, Өскемен және Тараз қалаларына жөнелтіледі.


ШҚО-да биыл жыл соңына дейін 200 автобус құрастырылады

ERNUR.KZ. Елімізде былтырдан бері қоғамдық көліктерді жаңғыртуға бағытталған жаңа бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Дәлірек айтқанда жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындар Қазақстанда жасалған техника алған жағдайда оларға жеңілдетілген несие беріледі, деп жазады altaynews.kz.

Семейдегі автобус құрастыру зауыты биыл жыл соңына дейін 200 автобус құрастыруды жоспарлап отыр. Ол Семей, Өскемен және Тараз қалаларына жөнелтілмек. Зауыт болашақта еліміздің басқа да өңірлерін жаңа көліктермен қамтамасыз етпек.

Автобус құрастыру зауытында қазір қызу науқан. Мұнда ұзындығы 9 және 6 метрлік жаңа техникалар шығарылып жатыр. Отандық өнімнің қазақстандық мазмұны да 40 процентке жеткен.

Жалпы автобустарға сұраныс артқан сайын жұмыс орындары да көбейеді деген сөз. Жаңа желінің іске қосылуымен мұнда 30 адам жаңадан жұмысқа тұрған. Зауыт соңғы жылдары облыстағы 10 шақты оқу орнымен келісімшарт жасап, жастарды тәжірибеден өткізуде.

Семейлік Ілияс Бекзатов оқу орнын тамамдай салып, осында жұмысқа тұрыпты.

«Кәсіпті меңгеріп алдық, отандық автобустарды өз қолымызбен құрастырып жатқанымызды мақтан тұтамыз»,- дейді ол.

«Менің өзімнің міндетім - осы автобустарға қала тұрғындары, яғни жолаушылар кіретін есіктерді алдымен жеке құрастыру, одан кейін автобустарға орналастырып, олардың ашылу-жабылу механизмдерін орналастыру. Осы автобустар біздің зауыттан шыққанына біздің өзіміз өте қуаныштымыз»,-дейді құрастырушы Ілияс Бекзатов.

«Бұрын біз осындай автобустарды Ресейден, Қытайдан әкелетінбіз. 500 автобус кіретін Қазақстанға. Енді осы 500 автобусты Семей қаласында шығарамыз деген ойымыз бар. Үкімет ақша береді, автобус парктері осы ақшаға бізден отандық өнімді алуға тиісті. Алдағы уақытта зауыт өнімдері Үкіметтік «Қоғамдық көліктерді жаңалау» бағдарламасына сәйкес Батыс Қазақстан, Павлодар, Маңғыстау облыстарына да жеткізіледі деген жоспар бар. Тапсырыс көбейсе, кәсіпорында тағы 30 адамға жұмыс орны ашылмақ. Бұдан бөлек, отандық сапалы өнімге Ресейдің көршілес Алтай өлкесі мен Новосібір облыстары да қызығушылық білдіріп отыр екен»,-дейді кәсіпорынның бас директоры Әсемхан Досқожанов.