​ШҚО-да парақорлық қылмысына қатысты бірнеше шенеунік ұсталды

0
1 156

Ұлттық бюро ҚР АШМ АӨК Өскемен аумақтық инспекциясында жүйелі сыбайлас жемқорлықтың жолын кескен.


​ШҚО-да парақорлық қылмысына қатысты бірнеше шенеунік ұсталды

ERNUR.KZ. Ұлттық бюро қызметкерлері Шығыс Қазақстан облысында жемқорлық қылмысына қатысы бар бірнеше күдіктіні ұстады, деп жазады ҚазАқпарат

«ҚР Қорғаныс министрлігінің аумақтық бөлімшесінде парақорлық фактісінің жолы кесілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының ШҚО бойынша департаменті Қорғаныс министрлігінің «Аягөз аудандық пайдалану бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесінің бастығына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Ол республикалық мемлекеттік мекеменің аумағында орналасқан дүкеннің электр желілеріне кедергісіз қосылу үшін жеке кәсіпкерден 300 мың теңге сомасында пара алды деп күдікке ілінді. Кінәсін толық мойындауына байланысты күдікті қамауға алынған жоқ. Тергеу жалғасып жатыр», - деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова Агенттікте өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, сонымен бірге Ұлттық бюро ҚР АШМ АӨК Өскемен аумақтық инспекциясында жүйелі сыбайлас жемқорлықтың жолын кескен.

«Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіп кешені Өскемен аумақтық инспекциясының басшысы және инспекцияның екі бас маманы тарапынан парақорлық фактісі анықталды. Олар карантинге жатқызылған өнімдерге рұқсаттама құжаттарын кедергісіз беру үшін кәсіпкерлік қызмет субъектілерінен жүйелі негізде 30 мыңнан 200 мың теңгеге дейінгі пара алды деп күдікке ілінді», - дейді ол. Жанна Бастарова сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанынан хабардар етті.

«Ол Алтай қаласының көшелерін ағымдағы жөндеу (құны 40,1 млн теңге) бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсындажеңімпаз ретінде тану үшін кәсіпкерден 10 пайызын шегеру түрінде 4 млн теңге сомасында пара алғаны үшін күдікті деп танылуда. Күдікті ұсталып, Өскемен қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұлтартпау шарасын қабылдау мәселесі шешілуде. Тергеу жалғасып жатыр», - деді Жанна Бастарова.