ШҚО-да туризм саласын дамытуға ден қойылды

0
852

Биылғы маусымда келушілер саны артып, ішкі туризм қарқын алады деген болжам бар.


ШҚО-да туризм саласын дамытуға ден қойылды

ERNUR.KZ. Алакөлдің Шығыс Қазақстандағы жағалауын абаттандыру жұмыстары биыл да жалғасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұдан бөлек мұнда 3 үлкен инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр.

Атап айтқанда, 3 мың адамға арналған аспан астындағы ашық сахна, 4 жұлдызды қонақ үй және тағы бір санаторий салынуда. Былтыр жазда Алакөлдің шығыс жағындағы жағалауында 160 мың адам болып қайтқан.

Ал биыл өңірдегі туристік салаға әлемді жайлаған коронавирус та кері әсерін тигізбейді дейді мамандар. Керісінше, биылғы маусымда келушілер саны артып, ішкі туризм қарқын алады деген болжам бар. Сондықтан өңірде туризм саласына инвестиция салып, жаңа демалыс орындарын ашып жатқан кәсіпкерлер де аз емес. Тек осы жазда облыста 22 жаңа нысан ашылады деп күтілуде. Үржар ауданы Алакөлімен ерекшеленсе, Қатон-Қарағай ауданы ел-жұртқа марал шаруашылығымен, пантымен емдейтін санаторилармен кеңінен танымал.

Жергілікті билік өкілдері де ішкі туризмді дамыту үшін өзен-көлдердің жағалауына жақсы жол салып, су құбырларын және интернет желісін тартып, саяхатшыларға жайлы жағдай жасауға ұмтылуда. Қанша қонақ келсе де барлығына орын табылады дейді.

– Шығыс Қазақстанға туристер сыймай қалды десе, жақсы жаңалық қой. Ондай жағдай болса қуанамыз. Енді Шығыс Қазақстан облысы бір күнде 34 мың адамды қабылдай алады. Республика бойынша көшбасшы болып саналады, бір күндегі сыйымдылық бойынша. Ал жекелеп айтқанда Алакөл 12 мың адамды, Бұқтырмадағы демалыс орындары 10мыңға жуық адамды бір күнде қабылдай алады, - деді облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Марат Қабақов.