ШҚО-да үлескерлерден заңсыз ақша алмақ болған 4 құрылыс компаниясы жауапқа тартылды

0
381

Биыл «Royale Finance Group» ЖШС, «MRS Company» ЖШС, «Дейнека» ЖШС және «Elit Stroy Group» ЖШС үлескерлерден ақша тартатыны туралы әлеуметтік желіге жарнама берген.


ШҚО-да үлескерлерден заңсыз ақша алмақ болған 4 құрылыс компаниясы жауапқа тартылды

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысында үлескерлерден заңсыз ақша алмақ болған 4 құрылыс компаниясы жауапқа тартылды, деп жазады ҚазАқпарат.

ШҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірде үлескерлерден заңсыз ақша алуға әрекеттенген құрылыс компанияларына тиісті шара қолданылуда.

«Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңның 7-бабы 1-тармағына сәйкес, үй құрылысына үлестік қатысудың өзіндік тәртіптері бар. Атап айтқанда, құрылыс компаниясы бірыңғай оператор – «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-мен кепілдік шарт жасасуға міндетті. Сондай-ақ екінші деңгейлі банктің жобасына қатысуы, үлескерлерден қаражат тарту үшін жергілікті атқарушы органнан рұқсат алуы қажет. Тағы бір талап – көппәтерлі үйдің қаңқасы салынғаннан кейін ғана үлескерлерден ақша тартуға рұқсат етілген», - дейді басқарма басшысының орынбасары Нұржан Нұрланұлы.

Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысының аумағында тек бір ғана компания «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-мен кепілдік шарт жасасқан. Ол – «ВВД-Құрылыс» ЖШС.

Биыл «Royale Finance Group» ЖШС, «MRS Company» ЖШС, «Дейнека» ЖШС және «Elit Stroy Group» ЖШС үлескерлерден ақша тартатыны туралы әлеуметтік желіге жарнама берген. Бұл заңсыз әрекеттері үшін олардың ісі Өскемен қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған сотына жіберілді.

Сот қаулысымен олар ҚР ӘҚБтК 320-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 300 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді.