Шығыс Қазақстан облысында соққыға жығылған қыз ауруханаға түсті

0
425

Қызды ұрып-соғу оқиғасы осы жылдың сәуір айында Өскемендегі сауда орталығында болған.


Шығыс Қазақстан облысында соққыға жығылған қыз ауруханаға түсті

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысында құрбылары қатты соққыға жыққан қыз қазір ауруханада жатыр, - деп жазады Tengrinews.kz.

Бұл ақпаратты Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы растады. Жәбірленуші қазір ауруханада дәрігерлердің бақылауында.

"Оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Туыстарының өтініші бойынша қыздың жағдайы туралы толығырақ мәлімет бере алмаймыз", - деп хабарлады ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы.

Қызды ұрып-соғу оқиғасы осы жылдың сәуір айында Өскемендегі сауда орталығында болған. Желіге орталықтың әжетханасында түсірілген видео шықты. Жазбада бір бойжеткен өзінің құрдасын аяусыз соққыға жыққан сәтін көруге болады. Қақтығыстың тағы бір қатысушысы болған оқиғаның барлығын видеоға түсіріп алған. Оқиға жұртшылықтың наразылығын тудырды. Осыдан кейін Шығыс Қазақстан облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әлеуметтік желіде құрдасын соққыға жыққан қыздың әкесі Антикор қызметкері деген ақпарат таратқан басылымдарға жауап берді. Алайда бұл ақпарат расталған жоқ.

Бұған дейін облыстық полиция оқиға биыл наурыз айының басында жасалғанын хабарлаған болатын.

"Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 2-бөлігі бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр", - деді ШҚО Полиция департментінің баспасөз қызметі өкілдері.

Күні кеше соққыға жығылған қыздың ұрып-соғу кезінде алған жарақатына байланысты ауруханаға түскені белгілі болды. Немолчи.kz қорының жетекшісі Дина Таңсәрі да әлеуметтік желідегі парақшасында зардап шеккен қыздың ауруханаға түскенін хабарлады.

"Бүгін қыз ауруханаға жеткізілді. Оның жарақаты көпке дейін кетпейді, көзінің айналасына қандай да бір сұйықтық жиналып қалған. Ұзақ уақыт бойы ісіну болды. Содан қатты ауырсыну басталды. Бүін қатты ауырып, шыдай алмағасын, дәрігерлерді шақырттық. Дәрігерлер ол қызды алып кетті", - деп жазды Дина Таңсари.

Облыстық полиция тергеу құпиясына байланысты деректерді жариялаған жоқ. Tengrinews.kz тілшісі істің қай кезеңде жүріп жатқанын білу үшін Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаментіне ресми сауал жолдады.

Бұған дейін Өскеменде соққыға жығылған қыздың туысы оқиғаның мән-жайын айтқан болатын.