Шығыс Қазақстанда дипломы жоқ мұғалім химиядан сабақ беріп жүр

0
2 517

Мектеп басшысы бұл қадамға амалдың жоқтығынан барып отырғандарын айтады.


Шығыс Қазақстанда дипломы жоқ мұғалім химиядан сабақ беріп жүр

Шығыс Қазақстан облысындағы Бесқарағай ауданына қарасты Бөдене ауылдық орта мектебіндегі бұл күндегі басты сұрақтардың бірі – Сіз кімсіз, химия апай? Себебі, осы пәннен дипломы жоқ мұғалім сабақ береді екен, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Бұған наразы бір топ ата-ана мектеп басшысымен кездесіп, біраз жерге арыз жазыпты. Балаларының болашағына алаңдайтын олар мектептен дұрыс білім алып шыққандықтарын қалайды.

Бұл – Бөдене ауылындағы жалғыз мектеп. 80-дей оқушы, жиырмаға жуық мұғалімі бар. Химия пәні бұл елді мекенде кейінгі кездегідей өмірі талқыланбаған шығар. Балалар апайының сабақ беру стилін жылап тұрып айтты.

Химия мұғалімі өзі сабақты білмейді де, даже элементарный валенттерді білмейді. Оқушылар дұрыс жауап беріп тұрса да, дұрыс емес деп қабылдайды, - деді Бөдене орта мектебінің 9-сынып оқушысы Аружан Амантаева.

Кейбір ата-аналар арнайы дипломы бар мұғалім келмейінше, балаларын химия пәніне қатыстырмауға бел шешіпті. Бірнеше пәннен қатар беретін ұстаздан бас тартқан. Жарты ай бойы химия пәніне қатыспаған оқушылар болса, бұл тоқсандықта қорытылмай қаламыз ба деп әбігер.

Бірдеңе сұраса, бала қанағаттанбайды. Бітірейін деп тұрған бала. Қайда бару керек? Менен келіп сұрайды. Мен химияны қайдан білемін. Әйтпесе айтпаймын ба? Сосын интернеттен қараймыз, - деп қынжылды Бөдене ауылының тұрғыны Әсия Құрманбаева.

Ата-аналардың сапалы кадрды талап етуі көпшіліктің қытығына тиген сыңайлы. Балаларының болашағын ойлаған азаматтарға ауылдас ағайындар арнайы ат қойып қойыпты.

Мектеп те қырын қарайды, даладағы кісілер де қырын қарайды. "Сендер жазушысыңдар" деп. Бір жерге барсақ, көзімізді шұқып, "жазушылар келді" дейді. Сол жазғанның арқасында мектепке бес жаңа жұмысшы кіріп отыр. Ол кісілердің өзі қырын қарайды. Біз жазбасақ мұның бәрі болар ма еді?, - дейді Бөдене ауылының тұрғыны Зейнеп Молдабаева.

Ал мектеп басшысы бұл қадамға амалдың жоқтығынан барып отырғандарын айтады. Қазір химия пәнінен сабақ беріп жүрген маман агрохимия бітірген екен. Алдында "агро" деген сөзі бар демесең, сол бір химия екеніне сенімді.

Негізі жылда бізде Шәкәрім университеті өткізетін жәрмеңке болып тұрады. Жас мамандардың. Жылда барамыз, бірақ келетін мамандар жоқ. Осы ауыл тұрғындары куә. Жас мамандар келмейді. Ауылда жағдай жоқ. Интернет жоқ. Тағы, тағы басқа. Жастарға ең керегі сол, - деп түсіндірді Бөдене орта мектебінің директоры Нұрбек Елемесов.

Ауылда зейнет жасындағы химия мұғалімі бар екен. Енді сол кісі қайта мектепке оралуы мүмкін.

Тексерістер болды, облыстан, аудан бойынша. Сол тексерістердің нәтижесінде мектеп директоры еңбек кодексіне сәйкес тәртіптік жаза алды. Бұл мәселелер жақын уақытта өз шешімін табады, - деді Бесқарағай аудандық білім бөлімінің басшысы Самат Омарғазин.

Мектеп директоры "заң бұзбадым" дейді, бірақ оны білім бөлімі жазалаған.