Шығыс Қазақстанда үш балықшы суға құлап, біреуі қаза тапты

0
1 045

Жағалаудан 15 метрдей жерде автомобиль мұз астына құлады.


Шығыс Қазақстанда үш балықшы суға құлап, біреуі қаза тапты

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысында үш балықшы мұз астына батып, біреуі қаза тапты. Оқиға 2018 жылдың 30 желтоқсанында, Күршім ауданындағы Бұқтырма су қоймасында орын алған, деп жазады ҚазАқпарат.

Үш адам Көкпекті жағалауынан Күршімге көлікпен өтпек болған. Жағалаудан 15 метрдей жерде автомобиль мұз астына құлады. Екі балықшы, 1965 және 1973 жылғы азаматтар суға батып бара жатқан көліктен шығып үлгерген, ал 1959 жылғы ер адам көлікте қалып қойды. Зардап шеккен азаматтарға жергілікті балықшылар көмек көрсетіп, құтқару қызметіне хабар берген.

Сол күні оқиға орнына келіп жеткен Шығыс аймақтық аэромобильді жедел-құтқару жасағы 9-шы бөлімшесінің сүңгуірлері ер адамның денесін алып шыға алмады, себебі көлік аударылып, есігі ашылмай қалған. Келесі күні сүңгуірлер арқан мен жүкарбаның көмегімен көлікті судан шығарып, ішінен ер адамның денесін шығарып алды.

«Қатты аязға қарамастан, судағы жағдай ауыспалы болып тұрады. Ондағы мұздың қалыңдығына тек ауа температурасы ғана емес, ағынның ауысуы, жауын-шашын, өзге де факторлар әсер ете алады. Бұдан басқа, бір учаскеде мұздың қалыңдығы әр түрлі болуы мүмкін», - деп атап өтті ШААЖҚЖ бас құтқарушысы Анатолий Рожков.

Құтқарушылар мұзға шыққан кезде қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет екенін еске салды: мұздан жаяу өту үшін оның қалыңдығы 15 см және одан көп, ал жеңіл көлік өтуі үшін 30 см кем болмауы тиіс. Мұз бетіне қараңғы уақытта, тұман, жауын-шашын түскенде шығуға тыйым салынған. Мұз қалыңдығын аяқты соғып тексеруге болмайды. Егер таяқпен соққанда мұз бетіне аз болса да су шығып немесе жарық пайда болса, бұл мұздың әлі жұқа екенін білдіреді. Осындай жағдайда аяғыңды мұздан алмай, келген ізіңмен жағаға оралу керек.