Шымкенттіктер «Мен қазақша сөйлеймін» акциясына белсене қатысуда

0
2 247

Акция барысында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және түрлі этнос жастары арасында қазақша сөйлеу мәдениетін арттыру көзделген


Шымкенттіктер «Мен қазақша сөйлеймін» акциясына белсене қатысуда

ERNUR.KZ. Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен еліміздің барлық өңірлерінде «Мен қазақша сөйлеймін» жалпы республикалық акциясы өтіп жатыр. Аталған акцияға шымкенттіктер де белсене қатысып, халық көп жиналатын орындарда түрлі іс-шаралар ұйымдастыруда, деп жазады ҚазАқпарат.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді және түрлі этнос жастары арасында қазақша сөйлеу мәдениетін арттыруды көздеген акция барысында Шымкент этномәдени бірлестіктері жанындағы жастар қанатының мүшелері белсенділік танытып отыр. Олар қоғамдық орындарда акцияның символикасы бар үнпарақтар мен ақпараттық флаерлер таратып, «Қызғалдақ» субұрқағы жанында «Мен қазақша сөйлеймін» тақырыбында қазақша мақал-мәтел айтудан сайыс өткізді.

Шараға қатысқан 30-ға тарта жас Отан, тіл, достық, бірлік тақырыбында мақал-мәтел және билеріміздің даналық сөздерін айтудан сынға түсті. Сайыс қортындысы бойынша түрік этномәдени бірлестігі жанындағы жастар қанатының мүшесі Феруза Карипова мен Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінің студенті Виктор Евко қатарластарынан оқ бойы озып шықты.

Олар Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

«Қазақ тілін мектепте достарымнан үйрендім. Ықылас қойып кіріссеңіз, тілді меңгерудің қиындығы жоқ. Ал, мемлекеттік тілді білу - барша қазақстандықтардың міндеті әрі өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі. Сондықтан, қазақ тілінде өтетін байқауларға жиі қатысамын. Осы арқылы қазақ тілінде сөйлеу мәдениетімді дамытуды көздеймін. Қазіргі таңда қазақтың отыздан астам мақал-мәтелдерін жатқа білемін. Алдағы уақытта қазақ ойшылдарының даналық сөздерін жаттамақпын», - дейді байқауда белсенділік танытқан Виктор Евко.

Іс-шара соңында жастар Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы дайындаған жүзден аса үнпарақты қала тұрғындарына таратты. Айта кету керек, 29 қазаннан бастау алған акция қараша айының соңына дейін жалғасады.