Сібір театры алғаш рет Қазақстанда өнер көрсетпек

0
1 085

Красноярск мемлекеттік опера және балет театры үздік спектакльдерін астанадағы театр сахнасында қояды.


Сібір театры алғаш рет Қазақстанда өнер көрсетпек

ERNUR.KZ. Елорда тұрғындары қараша айының соңында Д.Хворостовский атындағы Красноярск мемлекеттік опера және балет театры әртістерінің өнерін тамашалай алады. Ұжым "Астана Операда" спектакль қояды, деп жазады sputniknews.kz.

29 қараша күні Үлкен зал сахнасында шығармашылық ұжым А.Бородиннің "Князь Игорь" операсын сахналайды. Бұл Красноярск опера және балет театры үшін айрықша спектакль. Дәл осы операның премьерасымен бірінші театр маусымы ашылып, өнер ордасының тарихы басталған еді.

1 желтоқсанда елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына атақты хореограф Ю.Григоровичтің қойылымындағы А.Глазуновтың "Раймонда" балеті ұсынылады. Оның сюжеті жорықтан сүйіктісін күткен қыз туралы рыцарлық аңызға негізделген. Көрінісі әрі орындалуы жағынан күрделі қойылымдардың бірінде хореограф классикалық би қимылдары арқылы испан-араб және венгр сарындарын балет туындысында шебер жандандыра отырып, классикалық би қозғалысымен орта ғасырлық кезеңді суреттейді.

Еске салар болсақ, жақында ғана "Астана Опера" ұжымы Д.Хворостовский атындағы бірінші халықаралық фестивальде орасан зор жетістікпен өнер көрсетті. 23 және 25 қазан күндері Красноярск опера және балет театрында қазақстандық әртістер П.Чайковскийдің "Евгений Онегин" операсын ұсынса, 24 қазанда өлкелік филармония сахнасында көрерменге ұлттық және батыс еуропалық классика туындыларынан симфониялық бағдарламаны тарту етті.