Сириядағы соғыстан Сұлтан Бейбарыс бабаның кесенесі аман сақталып қалған

0
3 783

Ұзақ жылдарға созылған қантөгістен кейін Сириядағы жағдай тұрақталып, үкімет күйреген елді және бай тарихи мұрасын қалпына келтіріп жатыр


Сириядағы соғыстан Сұлтан Бейбарыс бабаның кесенесі аман сақталып қалған

ERNUR.KZ. Биыл қазан айында Нұрсұлтан Назарбаевтың Дамаскке жасаған ресми сапарына 11 жыл болды. Ол жолы Қазақстан мен Сирия үкіметтері Әл-Фараби кесенесі мен тарихи-мәдени орталығын салу және Сұлтан аз-Захир Бейбарыс кесенесін қалпына келтіру жөнінде келісімге қол қойған еді. Осы мақсаттарға Қазақстан тарапы 9 миллион доллар қаражат бөлген. Тек құрылыс аяқталар тұста бұл елде азамат соғысы басталып кетті деп жазады 24.kz.

Әбу Насыр Әл-Фараби мәдени-тарихи орталығы Дамасктың қақ ортасындағы көне шаһарда орналасқан. 6 мың шаршы метр аумақты алып жатқан зәулім ғимарат заманауи сипатымен жергілікті сәулеттен ерекшеленсе де шаһардың тарихи бейнесімен үйлесіп тұр. Елдің климаты мен мәдени ерекшеліктеріне сай келу үшін қазақстандық тарап жұмысқа жергілікті сәулетшілерді тартқан. Кезінде «Казреставрация» кәсіпорынын басқарып, осы құрылыстың басы-қасында болған Қанат тұяқбаевтың айтуынша, Қазақстан және Сирия тараптарына талай маңызды мәселені бірлесіп шешуге тура келген. Олардың арасында өзге бейіттерге зақым келтірмей, мәдени тарихи орталық пен Әл-Фараби қабірін біріктіру ісі де бар.

«Үкіметаралық келісім ратификацияланғаннан кейін 2008 жылы құрылысты бастадық. Зәулім құрылыс 100-ден аса бөлмені қамтыған, ондағы 40-тан астам бөлмесі жұмыс істейтін. 21-ғасырға сай бүкіл талапты орындадық. 2011 жылдың сәуір айында кеткенде қалада атыс жүріп жатқан. Тіпті мен тұрған қонақ үйдің терезесіне оқ тиген еді», - деді «Казреставрация» РМК бұрынғы директоры Қанат Тұяқбаев.

Құрылыс жұмыстары аяқталғанда елде соғыс өршіп тұрған. Сол себептен қорытынды құжатқа қол қойылған жоқ. Бірлескен комиссия атқарылған жұмысты қабылдап, осыдан кейін мәдени нысанды пайдалану жөнінде жеке келісім жасалуы тиіс еді.

«Дамаск тарихы тереңде жатқан қала. Мұнда Әл-Фараби мен Бейбарыс секілді қазақ халқының данышпандары жерленген. Сол себептен Қазақстанның мәдени орталығы болуы керек. Дамаскте осындай мәдени орталықтар көп. Өте ауқымды ресейлік орталық бар, АҚШ, Испания, Ұлыбритания, Италия және Германия орталықтары да жұмыс істейді. Қазақстан мәдени орталығы қосылса, жақсы болар еді», - деді Сирияның Қазақстандағы құрметті консулы Самир Дерех.

Әскери шиеленіс жалғасқан жылдары Сирия үкіметі осы екі тарихи кешеннің күзеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келген.

Ұзақ жылдарға созылған қантөгістен кейін Сириядағы жағдай тұрақталып, үкімет күйреген елді және бай тарихи мұрасын қалпына келтіріп жатыр. Ал Әл-Фараби мәдени орталығы Таяу Шығыстың ортақ ескерткішкіне айналуы мүмкін. Бәлкім осы зәулім ғимаратта қазақ халқының тарихы, дәстүр-салты жөнінде конференциялар мен дәрістер өтетін және қазақ пен араб тілдерін меңгеру сыныптары жұмыс істейтін күн тууы ғажап емес.