Сириядан Қазақстанға 91 бала қайтарылды

0
1 976

Үлкен жастағы балалардың барлығы қыз балалар


Сириядан Қазақстанға 91 бала қайтарылды

ERNUR.KZ. Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі соңғы екі жылда Сириядан Қазақстанға 91 бала қайтарылғанын, қазіргі кезде балаларды ортаға бейімдеу жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады, деп жазады azattyq.org.

"Бүгінгі күні Қазақстанға 39 отбасы қайтарылды. Ол 39 отбасында 91 бала бар. Бұл 18 жасқа дейінгі балалар. Ол балалармен жұмыс істеп жатырмыз. Өңірлерден тоғыз орталық аштық. Осы орталық арқылы балаларды әлеуметтендіру, дерадикализациялау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз", - деді Білім және ғылым министрлігінің балалар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Ержан Ерсайынов Астанада өткен бала құқығына қатысты жиын барысында.

Оның айтуынша, мектеп жасындағы балалар тұрғылықты жердегі орта мектептерде оқып жатыр. Олар өзге оқушылар сияқты форма киіп, тәртіп сақтайды.

"Үлкен жастағы балалардың барлығы қыз балалар. Олардың басқа балалармен қарым-қатынасы жақсы. Сабақтары жақсы. Мектеп формасын әрине, сақтайды" деді министрлік өкілі.

Ержан Ерсайыновтың айтуынша, Иракта, Сирияда туған кейбір қазақ балалары арабша сөйлегендіктен оларға қазақ тілі үйретіліп жатыр. Министрлік өкілі балалармен психологтар да жұмыс істеп жатқанын айтты.

- Әрине, олар террористік белсенді аймақтарда туып-өскеннен кейін, тәрбиеленгеннен кейін олардың психологиясы әзірше бөлек. Біз сол үшін жұмыс істеп жатырмыз. Олардың психологиясын Қазақстанның менталитетіне бейімдеу үшін жұмыс істеп жатырмыз, - деді Ержан Ерсайынов.

Ол қақтығыс аймағынан өзге балаларды қайтару жұмыстары жалғасып жатқанын айтты. Дегенмен министрлік өкілі әзірге, бұған қатысты ешқандай статистика айта алмайтынын жеткізді.

2018 жылы шілде айында Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Сирия мен Иракта соғыс басталғалы Таяу Шығысқа 800-ге тарта қазақстандық кеткенін хабарлаған. Комитет Сирия мен Ирактағы халықаралық террорлық ұйымдарда 120 ер адам, 250-ден астам әйел және 500 бала барын айтқан.

Биыл наурызда ҰҚК төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков Сириядан 125 қазақстандықтың оралғанын, 57 адам қамауда отырғанын, қалғандарының бақылауда екенін айтқан.

Осыған дейін Азаттықта жарияланған мақалаларда баласы Сирияда қаза болғанын, сонда қалған келіні мен немерелерін Қазақстанға қалай қайтаруды білмей жүргенін айтып бірнеше ата-ана шағымданған.