Сириядан оралған Ақтөбе тұрғыны бес жылға сотталды

0
900

Оған «терроризмді насихаттау», «діни алауыздық қоздыру» баптары бойынша айыптар тағылды.


Сириядан оралған Ақтөбе тұрғыны бес жылға сотталды

ERNUR.KZ. 26 шілде күні Ақтөбе қалалық №2 сотының судьясы Әлима Әділова Сириядан оралған соң "терроризм" күдігіне ілінген Зарина Ақмалаеваны бес жылға бас бостандығынан айырды, деп жазады azattyq.org.

Оған «терроризмді насихаттау», «діни алауыздық қоздыру» баптары бойынша айыптар тағылды. Екі аптадан соң 30 жасқа толатын Зарина Ақмалаева жазасын қауіпсіздігі орташа (жалпы режимдегі) колонияда өтейді.

Бұған дейін прокурор айыптау тарабымен процессуалдық келісім жасаған Зарина Ақмалаеваны бес жылға соттауды сұраған. Бүгін таңертең сот басталған кезде айыптау қорытындысын оқыған ол Ақмалаеваның Сирияға 2014 жылы отбасымен бірге кеткенін, сол жақтан шешесіне WhatsApp Messenger-мен бірнеше мәрте хабарлама жолдап, «жихадқа шақырғанын» айтқан еді.

Өзіне сөз берілген кезде айыпталушы Зарина Ақмалаева тағылған айыптарды толық мойындайтынын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, 2014 жылғы маусым айында кәмілетке толмаған қызын ертіп, Сирияға кетіп қалған. Қазақстандағы күйеуімен 2011 жылы ажырасып кеткен айыпталушы екінші қызының 2017 жылы Сирияда дүниеге келгенін айтты.

2019 жылғы мамыр айындағы «Жусан» операциясы аясында Ақмалаева екі баласымен бірге Қазақстанға жеткізілген. 2019 жылғы 28 мамырда қамауға алынған. Айыпталушының үлкені - 11-де, кішісі 2 жаста. Сириядан келген екі бала анасы тергеу изоляторына қамалғаннан кейін сенімхатпен нағашы әжесіне берілген.

Адвокат Назгүл Дүйсенбекованың сөзіне қарағанда, Зарина Ақмалаеваның үлкен қызының құжаттары бар. Ал Сирияда туған екіншісінің туу туралы куәлігі енді дайындалып жатыр. Жуырда ДНК сараптамасы жасалып, екі жастағы сәбидің Зарина Ақмалаеваның қызы екені расталған.

Ақмалаева бостандыққа шыққанша балаларын кімнің тәрбиелейтінін 29 шілдеге жоспарланған сот анықтайды.