СҚО-да 79 елді мекенді су басуы мүмкін

0
1 847

Талдауға сәйкес 240 үй су астында қалуы мүмкін.


СҚО-да 79 елді мекенді су басуы мүмкін

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында 79 елді-мекенді су басу қаупі бар. Синоптиктердің болжауынша, сәуірдің бірінші онкүндігінде ауа райы жылынып, шағын өзен-көлдердің деңгейі көтеріле бастайды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Мамандардың пікірінше, биылғы жылы Сергеев су қоймасы қауіп төндіруі мүмкін. Әзірге оның 90 пайызға жуығы толған. Қоймадағы су деңгейі тиісті нормадан 60 пайызға асып кетуі ықтимал. Сондықтан төтенше жағдай қызметкерлері су тасқынына қызу дайындық үстінде.

«Жағдай күрделенген кезде жергілікті атқарушы органдардан шамамен 1900 адам, 1473 бірлік техника, оның ішінде 316 бірлік су сорғыш техника және 57 бірлік жүзу құралдары тартылатын болады. 190 тонна жанар-жағар май, 32,4 мың тонна инертті материал және 27,8 мың дана қаптар дайындалды. Осы кезеңде күштер мен құралдарға түзету жүргізілуде.
Облыс әкімі көктемгі су тасқынын дайындау, өткізу және облыс аумағында ықтимал залалды азайту жөніндегі негізгі іс-шаралар жоспарын бекітті, оның шеңберінде су тасқыны қатерінің алдын алу бойынша алдын ала жұмыстарды орындауға ерекше назар аударылды», - дейді СҚО ТЖ Департаменті бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов.

Су тасқынына қарсы алдын алу шаралары шеңберінде елді мекендерден 1 млн. 900 мың текше метр қар шығарылған. Су өткізу құбырлары мен арықтарды тазарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«15 наурыздан бастап облыс аумағында өзендердің проблемалық учаскелерінде жарылыс жұмыстары жүргізілуде. Барлығы 11 аумақ қамтылды. Уәлиханов ауданындағы Селеті өзені, Ғ. Мүсірепов ауданындағы Шарық, Жембарақ, Ақанбұрлық өзендері қамтылды. Айыртау ауданының аумағындағы Бабықбұрлық, Қарасу өзендері, Имантау көлдерінде де жарылыс жұмыстары жүргізілді. Жалпы ауданы 3415 м2 айдын қамтылды. 400 келіден астам жарылғыш заттар пайдаланылды», - деді Мұрат Қанғожинов.

Петропавл қаласында да су басуы ықтимал үйлердің тізімі жасалды. Талдау кезінде соңғы үш жылдық статистикалық көрсеткіштер есепке алынған. Оған сәйкес 240 үй су астында қалуы мүмкін.