СҚО-да бидайдан мол өнім алып рекорд жаңартты

0
2 759

Бұрынғы рекорд 55 ца/га болса, жаңа рекорд бойынша 62,5 центнер бидай алынды


СҚО-да бидайдан мол өнім алып рекорд жаңартты

фото:ҚазАқпарат

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы «Бабық-бұрлық» ЖШС бидай өнiмдiлiгiнiң рекордын жаңартты, деп жазады ҚазАқпарат.

Жұмыс сапары барысында СҚО әкiмi Құмар Ақсақаловқа гектарынан 62,5 центнер бидай алынған алқап көрсетiлдi. Бұрынғы рекорд 55 ца/га «Тұқым» ЖШС тиесiлi болған едi. Осындай мол өнiмдi қалай алдыңыз деген сұраққа «Бабық-бұрлық» серiктестiгiнiң басшысы Сейiлбек Махметов қысқаша жауап қайырды: «Жермен айналысу керек».

Осы месседждi Құмар Ақсақалов Қызылжар, Есiл және Айыртау аудандарының алқабындағы кездесулерде әр диқанға жеткiзуге тырысты.

Жердiң берекесiн қашырған иелерге облыс әкiмi «Бабық-бұрлықтың» басшысы Сейiлбек Махметовты үлгi еттi. Қазiр Төменгi бұрлық ауылында барлық тұрғындарға жағдай жасалуда. Орташа еңбекақы 141 мың теңге. Ауылдықтардың үйлерiне орталықтандырылған жылыту жүйесi тартылмақ. Келесi жылы жұмысшыларға үйлер салынады. «Нан бар, нәтиже бар және тиiсiнше еңбекақыны көтеруге мүмкiндiк бар. Осылай болу керек. Егер шаруашылық жақсы өнiм алмаса, жалақыны қалай көтередi? Осындай диқандармен жергiлiктi билiк тиiстi жұмыс жүргiзуі қажет», - деп атап өттi облыс әкiмi.

Жалпы, өңірде күзгi орақ науқаны қыза түстi. 13 қыркүйектегi мәлiмет бойынша облыста алқаптың 32 пайызы бастырылды немесе 878 мың га. Орташа өнiмдiлiк гектарына 14,9 центнерден айналды. Аймақ басшысы диқандарды қолайлы әр күндi тиiмдi пайдаланып, астықты ысырапсыз жинап алуға шақырды.