​СҚО-да су шайып кеткен жолдар қалпына келтіріліп жатыр

0
992

2-15 сәуір аралығында мыңнан астам тұрғынды, соның ішінде 180 баланы қайықпен асырып өткізген.


​СҚО-да су шайып кеткен жолдар қалпына келтіріліп жатыр

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда елді мекендер арасындағы жол қатынасы қалпына келтірілді, деп жазады ҚазАқпарат.

Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, 2 сәуірден бері ауылдық округ тұрғындары жолды су шайып кетуі салдарынан елді мекендер арасына қайықпен қатынаған.

Ауданда Ақан-Бұрлық өзені арқылы жаңа көпір салынып жатыр. «Алматы-Екатеринбург» республикалық маңызы бар тасжолындағы көлік қатынасын бұзбау үшін айналма жол салынды.

«Автомобиль қатынасына бұл айтарлықтай бөгет болған жоқ - көліктер айналма жолмен жүрді. Өзеннің екі жағалауында орналасқан ауыл округтерінің тұрғындары үшін бұл қиындық тудырды. Ауданға құтқарушылар келіп, олар Ақан-Бұрлық өзені арқылы өткен ұйымдастырды», - деді баспасөз қызметінен.

2-15 сәуір аралығында мыңнан астам тұрғынды, соның ішінде 180 баланы қайықпен асырып өткізген.

«Біз таңнан кешке дейін күніне 30-ға жуық рейс жасадық. Өзеннің лай суымен 50 метр қашықтықты қайықпен жүзіп өту оңай болмады. Оған қоса, ағыстың қатты болуы және сеңнің жүруі кедергі келтірді», - деп атап өтті жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Нұрлан Мұқашев.

Зақымдалған айналма жол қалпына келтірілді. Диаметрі 1200 мм болатын 12 су өткізетін құбыр орнатылып, кесек тас пен құм-лай аралас үйінді төселді.