СҚО-ға 452 отбасы көшіп барды

0
564

Жалпы биыл 5825 адамды (1631 отбасы) көшіру жоспарланып отыр.


СҚО-ға 452 отбасы көшіп барды

ERNUR.KZ. Ағымдағы жылдың 8 айында Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде жалпы саны 1384 адамнан тұратын 452 отбасы Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс күші артық өңірлерден көшіп барды, деп жазады baq.kz.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарынан, сондай-ақ, республикалық маңызы бар қалалардан қоныс аударушылар жұмыс күші тапшы өңірден жаңа қоныс тапты.

Бір жыл бұрын Гүлмира Жоласпаева Нұр-Сұлтан қаласынан СҚО Ғабит Мүсірепов ауданы Ковылное ауылына көшіп келді және өз таңдауына еш өкінбейді. Ол ауыл мектебінде ағылшын тілі мұғалімі болып жұмыс істейді. Күйеуі ауыл шаруашылығы ұйымына бригадир болып жұмысқа орналасты.

Біз отбасымызбен ұзақ уақыт жалдамалы пәтерлерде тұрып жүрдік. Ал балалар болса ер жетуде – оларға алаңсыз оқу керек. Тұрақтылық қажет. Сондықтан біз қаладан көшуге шешім қабылдадық. Бізге барлық жағдай жасалған, жақсы үй берілді. Қазір біз күйеуім екеуміз жұмыс істейміз, балалар екінші және төртінші сыныптарда оқиды, - дейді Гүлмира.

Өңірде жаңа жердегі қызметіне қызығушылықпен кіріскен басқа да адамдар бар. Мәселен, көпбалалы отбасының отағасы Дүйсембі Оспанов Түркістан облысынан Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданына көшіп келген соң «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша грант алып, оған ірі қара мал сатып алды. Ал 4 баланың әкесі Азамат Нұрғабыловқа Шөптікөл ауылынан жалдамалы тұрғын үй беріліп, 12 айлық жалдау ақысына субсидия тағайындалды және өзі мал дәрігері болып жұмысқа орналасты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2020 жылдың 8 айында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жалпы саны 4386 адамды құрайтын 1273 отбасы Қазақстанның жұмыс күші жетіспейтін өңірлеріне қоныс аударды, оның ішінде 2303 адам еңбекке жарамды жаста болып табылады. Отбасының еңбекке жарамды мүшелерінен 1652 адам жұмыспен қамтылған, қалғандары жастар тәжірибесіне немесе оқуға жіберілген немесе кәсіпкерлік қызметпен айналысады. Өз ісін бастау үшін мемлекеттік грант алғандар да бар.

Жалпы биыл 5825 адамды (1631 отбасы) көшіру жоспарланып отыр.