Солтүстік Қазақстанда "Киелі Түркістан" көрмесі ашылды

0
1 827

Көрме Елордамыз - Астана қаласының 20 жылдығы және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің 40 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.


Солтүстік Қазақстанда

Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласында «Абылай хан резиденциясы» музей кешенінде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің «Киелі Түркістан» көрмесінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көрме Елордамыз - Астана қаласының 20 жылдығы және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің 40 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Көрменің мақсаты - киелі Түркістан мен Солтүстік Қазақстан өңірінің арасында рухани, мəдени жəне музейаралық қарым-қатынысты одан əрі дамытуға бағытталған.


Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген «Жаһандағы қазақстандық мәдениет» жобасы аясында ұйымдастырылған көрме экспозициясына қорық-музей қорынан 250-ден аса көз жауын алар жəдігерлер орналастырылған.
Шараға Солтүстік Қазақстан облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Рахимов Ермек, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов, М.Қозыбаев атындағы мемлекеттік университетінің проректоры Ақмарал Ибраева, университеттің оқытушы профессорлары мен студенттер және БАҚ өкілдері қатысты.


Түркістаннан рухани керуенді бастап келген «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов Солтүстік Қазақстан облысы жұртшылығына көрменің мақсаты мен міндеті жөнінде жеткізе келе, Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енген үш нысанның бірі - Қожа Ахмет Ясауи жөнінде мәлімдеп, тарихи күнмен құттықтады.
Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ермек Рахимов "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырған көрмеге ыстық лебізін білдіріп, арнайы алғыс хат пен сый-сияпатын табыс етті.

«Киелі Түркістан» көрмесі Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындары мен қонақтары үшін бір ай бойы қызмет көрсететін болады.