Солтүстік Қазақстанда тағы бір аудан орталығы карантинге жабылды

0
599

​Бұған дейін локдаун режимі Солтүстік Қазақстан облысындағы басқа бір аудан орталығы – Булаево қаласында енгізілген болатын.


Солтүстік Қазақстанда тағы бір аудан орталығы карантинге жабылды

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында Есіл ауданының орталығы Явленка елді мекені коронавирустың таралуына байланысты карантинге жабылды, деп жазады sputnik.kz.

Облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі Явленка ауылын жабу туралы қаулыға қол қойылғанын жеткізді.

Есіл ауданының бас санитар дәрігерінің қаулысы бойынша Явленка ауылының тұрғындары үшін қатаң шектеулер 11 қазан сағат 00:00-ден бастап енгізілді. Ауыл тұрғындары үйінен жұмысқа, медициналық мекемелерге, дүкенге, дәріханаға, су әкелуге және басқа да шұғыл қажеттіліктер үшін ғана шыға алады.

"Автостанциялар мен ашық сауда базарларының жұмысы тоқтатылады. Явленка ауылына округ әкімі берген рұқсатнама болғанда ғана кіріп, шығуға рұқсат етіледі", - деп жазылған қаулыда.

Жерлеу шараларын өткізу кезінде 30 адамнан артық жиналуға болмайды, 2 метр арақашықтық пен маска режимі сақталуы тиіс.

Сонымен қатар Мамлют ауданының орталығы Мамлютка қаласында да карантин енгізу жоспарланып отыр.

"Мамлют ауданының бас санитар дәрігерінің Мамлютка қаласын карантинге жабу туралы қаулысы қол қоюға дайындалып жатыр", - деп нақтылады санитарлық ведомствоның баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, 9 қазанда Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаево қаласы карантинге жабылған болатын.

"Соңғы екі аптада Мағжан Жұмабаев ауданында 24 адам коронавирус инфекциясын жұқтырды, оның ішінде 15 науқас аудан орталығы Булаево қаласында, 9-ы ауданның басқа елді мекендерінде анықталды", - деп түсіндірді ведомствоның баспасөз қызметі.

Есіл және Мамлют аудандарындағы науқастар туралы мәлімет дүйсенбі күні беріледі.