Соңғы 10 жылда Астана мен Шымкент халқының саны 60 пайызға өскен

0
468

Ірі қалаларда халық санымен қатар жер аумағы да өскен. Бұл бірқатар проблемаларды тудырып отыр.


Соңғы 10 жылда Астана мен Шымкент халқының саны 60 пайызға өскен

ERNUR.KZ. Соңғы 10 жылда Астана қаласының халқы 59 %-ға, Алматының халық саны 37%-ға, Шымкентте 67 %-ға өскен. Адам санына байланысты қала аумақтары да бірқатар кеңейген. Бұл туралы Парламент Сенатының отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп жазады stan.kz.

Сенат отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров "Агломерацияларды дамыту туралы” туралы заң жобасын таныстырды. Министрдің айтуынша қазіргі уақытта елдің агломерацияларында орталық қала және оған іргелес аудандар арасында экономикалық дамуда қаржылық және адами әлеуеттерде белгілі бір теңсіздіктер бар.

“Теңсіздіктердің пайда болуына ықпал ететін негізгі фактор ірі қалалар мен оларға іргелес аумақтарда халық санының бақылаусыз өсуі болып табылады. Мәселен соңғы 10 жылда Астана қаласының халқы 59 %-ға, ал Алматыдағы халық саны 37 %-ға, Шымкентте 67%-ға өсті”, - деді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Министрдің сөзінше, ірі қалаларда халық санымен қатар жер аумағы да өскен. Бұл бірқатар проблемаларды тудырып отыр.

“Қалалардың аумақтары да едәуір өсті. Мәселен, Астана елорда болғалы жер аумағы жағынан үш есе, Алматы қаласының аумағы соңғы 10 жылда екі жарым есе, ал Шымкенттің аумағы үш жарым есе өсті. Нәтижесінде инфрақұрылымның барлық түрлеріне жүктеменің артуы, қаланың шеткі аймақтарында құрылыстың салынуы, жоспарлау жобаларының болмауы немесе дұрыс іске аспауы байқалды. Сондай-ақ, ыңғайлы көлік жүйесінің болмауы мен инфрақұрылымдық әлеуметтік өнеркәсіп және тағы басқа объектілердің тапшылығы сияқты проблемалар бар”, - деді Әлібек Қуантыров.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, аумақтардың дамуының негізгі себебі агломерациялардың дамуын реттейтін нормативті құқықтық базасының болмауы. Осыған орай орталық қала және оның маңындағы аймақ арасындағы функцияларды заңнамалық тұрғыдан бөлу қажеттілігі туындап отыр.