Сотталған кісіні жұмысқа қабылдаған Маңғыстау ауданының экс-әкіміне айыппұл салынды

0
885

Сот қаулысымен экс-басшыға 252 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.


Сотталған кісіні жұмысқа қабылдаған Маңғыстау ауданының экс-әкіміне айыппұл салынды

ERNUR.KZ. Маңғыстау ауданының экс-әкімі 2018 жылдың 7 маусымында «Маңғыстау жылу, су» МКК директоры қызметіне бұрын сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталған азаматты жұмысқа қабылдаған. Бұл дерек ҚР МҚІжСЖҚІ агенттігінің Маңғыстау облыстық департаментінің әкімдік аппаратына жүргізген жоспардан тыс тексеруі кезінде анықталған, — деп жазады mangystaumedia.kz.

Департамент 2018 жылдың 27-28 желтоқсаны күндері «Маңғыстау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне жоспардан тыс тексеру жүргізеді.

«Тексеру нәтижесімен Маңғыстау облысы Маңғыстау аудандық соты ӘҚБтК-нің 681-бабында (мемлекеттік органдар, мекемелер мен кәсіпорындар басшысының не ұлттық компаниялар, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық даму институттары, сондай-ақ олардың еншілес ұйымдары басшысының бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа қабылдауы) көзделген құқықбұзушылық жасағаны үшін жауаптылыққа тартылған бұрынғы Маңғыстау ауданыныңы әкімі Ж. Айтуаровқа қатысты әкімшілік істі қарады», — делінген хабарламада.

Департаменттің хабарлауынша, Ж. Айтуаров Маңғыстау ауданының әкімі қызметін атқарып жүріп 2018 жылдың 7 маусымында №12 ө/жқ өкімімен «Маңғыстау жылу, су» МКК директоры қызметіне бұрын сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталған азамат Е. Куйкішовты жұмысқа қабылдаған.

Сот қаулысымен Ж. Айтуаров ӘҚБтК-нің 681-бабында көзделген құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 100 АЕК мөлшерінде, яғни 252 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.

«Жұмысқа заңсыз қабылданған азамат Е. Куйкішов Маңғыстау аудандық прокуратурасының 2019 жылғы 9 қаңтардағы № 2-1105-190034 наразылығы негізінде жұмыстан босатылды. Апелляциялық инстанция аудандық соттың шешімін күшінде қалдырды», — делінген хабарламада.