Степногорск полигонындағы өрт: Жедел штаб құрылды

0
1 182

Тұрмыстық қалдықтар полигонындағы өртті сөндіруге 32 арнайы техника жұмылдырылды.


Степногорск полигонындағы өрт: Жедел штаб құрылды

ERNUR.KZ. Степногорск қаласының қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы өрт сөндірілуде, деп жазады inform.kz.

Қала әкімі Еркебұлан Баяхметовтің айтуынша, өрт мамырдың 1-де тұтанған. Өртті сөндіруге және полигон аумағынан одан әрі таралуына жол бермеу шараларына полигонға қызмет көрсетуші «Құрылыс МТК» ЖШС мен Ақмола облысының ТЖД мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі жұмылдырылды. Қолға алынған шаралардың нәтижесінде тілсіз жау келесі күні ауыздықталды.


Алайда, қала әкімдігінің мәліметі бойынша, тұрмыстық қалдықтар полигонындағы химиялық процестер және жаңадан жеткізілген қоқыстардың салдарынан өрт қайта тұтанған.

Өртті ауыздықтау мақсатында аймақ басшысы Ермек Маржықпаевтың тапсырмасымен жедел штаб құрылып, 32 арнайы техника жұмылдырылды.

«Бүгінгі таңда түтін шыққан аумақты 3000 шаршы метрден 700-ге дейін азайту мүмкіндігі туды. Өрттің негізгі ошағын түскі сағат 14:00 дейін ауыздықтау жоспарда бар. Сондай-ақ, алдағы уақытта әр тұста бықсып жатқан өзге жерлерде бақылауға алынып, су шашылатын болады», - деп жазды қала әкімі Еркебұлан Баяхметов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Еске сала кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай, Степногорск қаласының әкімдігі шаһардың маңындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында тұтанған өртке шағымданған болатын.