Сурдоаудармашылар есту қабілеті бұзылған азаматтарға дауыс беруге көмектеседі

0
1 100

​Нұр-Сұлтанда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға дауыс беру үшін барлық жағдай жасалады.


Сурдоаудармашылар есту қабілеті бұзылған азаматтарға дауыс беруге көмектеседі

ERNUR.KZ. Сайлау учаскелерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қала әкімдігімен мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін барлық қажетті жағдайлар жасалады: автотұрақ, таяныштар мен пандустар, кең есіктердің болуы, лифтілер, тактильді көрсеткіштер, дауыс беруге арналған арнайы кабиналар орнатылады, деп жазады astana.gov.kz.

Елордада 25719 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Оның ішінде мүгедектігі бар 19504 адам дауыс беру құқығына ие. «Қазіргі таңда қалада мүмкіндігі шектеулі жандар үшін сайлау учаскелеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету жұмыстары мен сайлау учаскелерін тексеру жүргізілуде. Қаладағы барлық учаскелер пандустармен жабдықталған, қалған учаскелерде мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсететін еріктілер жұмылдырылмақ. Сондай-ақ, сайлау учаскелерінде арнайы сайлау кабиналары орнатылған»,- деді ұйымдастыру штабының мүшесі, Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы Илья Скуб.

Сайлау учаскелерінде көру мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қосымша жарықтандыру, оптикалық құрылғылар сондай-ақ аудиоформаттағы жадынама орнатылады.

Естімейтін мүгедектігі бар азаматтар үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 29 сурдоаудармашы онлайн режимде көмек көрсетуі қарастырылған.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауы 9 маусымда өтеді. Қалада 238 сайлау учаскесі тіркелген, оның ішінде 204 – ашық, 34 – жабық учаскелер, сондай-ақ ҚР шет елдердегі өкілдіктері жанында 65 учаске бар.