Тағы бір қазақстандық Google компаниясына жұмысқа тұрды

0
999

Отандасымыз Google компаниясында жұмыс істеуді армандайтын жас өркенге өз кеңесін айтты.


Тағы бір қазақстандық Google компаниясына жұмысқа тұрды

ERNUR.KZ. Әлемге әйгілі Google компаниясында қызмет істеу тағы бір отандасымызға бұйырды. Бұл жолы Шығыс Қазақстан облысының тумасы Жасан Байпақбаев аталған компанияға инженер маманы болып тұрды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Мен өзім Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданы, Қаратоғай ауылында туып өскем. Мектеп бітірген соң Алматыдағы С. Демирел атындағы университеттің «Ақпараттық жүйелер» мамандығында түстім. Ол жерден бакалавр дәрежесін алып шығып, Қазақ-британ техникалық университетіне дәл сол мамандық бойынша магистратурада білімімді жалғастырдым. Иә, Google секілді әйгілі компанияға жұмысқа тұру менің мамандығым бойынша оқыған әрбір студенттің арманы деуге болады. Және онда жұмысқа орналасу процесі көпке мәлім. Яғни ақпараттық технологиялар саласының мамандарына ол ережемен етене таныс. Жалпы бұған дейін АҚШ-та стартап саласында аздап еңбек еткем, сондықтан да ақпараттық технология бойынша тәжірибем бар деп айтуға болады. Google компаниясына инженер маманы болып жұмысқа тұрдым», - деді Жасан Байпақбаев.

Оның айтуынша, аталған компанияға жұмысқа тұрған соң қызметкердің сол ортаға тез бейімделуі үшін арнайы дәрістер ұйымдастырылады.

«Дәрісте компанияның құрылу тарихынан бастап, онда жұмыс істеу, қызметкердің мақсаты пен міндеті туралы, сол сияқты ортаға тез сіңіп кету жолындағы пайдалы ақпараттар беріледі. Мен үшін ол дәрістің пайдасы көп болды», - деді ол.

Сондай-ақ, отандасымыз Google компаниясында жұмыс істеуді армандайтын жас өркенге өз кеңесін айтты.

«Көбінесе академиялық білімге назар аударған жөн. Ғылымға жақын болу керек. Сол сияқты есеп шығару қабілеті артық етпейді. Яғни алгоритм ережелерін терең білген дұрыс. Одан бөлек, әрине практикадан өту қажет, олсыз болмайды. Ірі компанияда жұмыс істеудің тағы бір артықшылығы қызметкерге жағдайдың жасалуы. Сондықтанда көп жастар ірі компания, холдингтерде жұмыс істеуге ұмтылады. Және бұл дұрыс үрдіс. Google-де басқасын айтпағанның өзінде барлық қызметкерлер үш мезгіл аспен және қызметтік көлікпен қамтамасыз етіледі», -дейді ол.

Одан бөлек, жерлесіміз бос уақытында ел-жер аралап көргенді, ал спорттан волейбол және тенниспен әуестенетінін айтып өтті.