Талдықорғанда Бейсен Құранбектің шағын музейі ашылды

0
1 197

Онда кәсіби тележурналшының әр жылдары түскен суреттері мен көзі тірісінде тұтынған қолсағат, шахмат тақтасы және фигуралары, айкидоға арналған спорттық киімдері мен жабдықтары қойылған.


Талдықорғанда Бейсен Құранбектің шағын музейі ашылды

ERNUR.KZ. Талдықорғанда қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырып, құйрықты жұлдыздай ағып өткен әріптесіміз Бейсен Құранбектің шағын музейі ашылды, деп жазады ҚазАқпарат.

Онда кәсіби тележурналшының әр жылдары түскен суреттері мен көзі тірісінде тұтынған қолсағат, шахмат тақтасы және фигуралары, айкидоға арналған спорттық киімдері мен жабдықтары қойылған. Шағын музейдің ашылу салтанатына жиналған азаматтар Бейсеннің тұлғалық қасиеттеріне тоқталып, халыққа адал қызмет еткенін тебірене еске алды. Ол әр қазақтың басына түскен ауыртпалықты жан-жүрегімен қабылдап, тағдырдың теперішін көрген жандарға барынша жәрдемдесуге тырысатын. Көзі тірі болса, Бейсен Құранбек дәл бүгін 49 жасын атап өткен болар еді. Өз ісінің хас шебері Бейсен Абайұлы Құранбектің есімі жадымыздан ешқашан өшпек емес.



Бүгінгі іс шара барысында марқұмды еске алуға арналған Абай оқулары байқауының жеңімпаздары анықталып, тиісті марапаттарын алды.

«Көкеміз біздің отбасының ғана мүшесі емес, бүкіл осы Қазақстанның, әрбір отбасының мүшесі болды деп есептеймін. Ол – кісі әрбір қазақтың қара домалақ баласын бауырым деп өткен адам. Еңбегімен, өзінің сондай мейірімділігімен елге сыйлы азамат болды. Осындай мұражай өте керек. Өйткені өсіп келе жатқан әр жаңа буын осы кісіге қарап бой түзесе, өте керемет болмақ», - деді Б.Құранбектің інісі Төлеген Самайұлы.