Талдықорғанда Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандарды азаптаған полиция қызметкерлері сотталды

0
810

6 қаңтарда айыпталушылар тәртіпсіздікке қатысқан 23 күдіктіні қасақана жарақаттады.


Талдықорғанда Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандарды азаптаған полиция қызметкерлері сотталды

ERNUR.KZ. Талдықорған қалалық соты 10 ақпанда Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандарды азаптаған бес полиция қызметкеріне қатысты шешім шығарды, деп жазады stan.kz.

Тергеу материалдарына сәйкес, 6 қаңтарда айыпталушылар тәртіпсіздікке қатысқан 23 күдіктіні қасақана жарақаттады. Олар мұны қылмыстарын мойындату үшін жасаған.

Прокурор сотталушылардың біріне 5 жыл, екеуіне 4 жыл, тағы екеуіне 3 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленушілер соттан оларды бас бостандығынан айыруды сұрады.

Айыпталушылар өз кінәсін толық мойындады және оларға шартты жаза тағайындауды сұрады. Бұл қылмыс үшін заңда 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

"Кінәні толық мойындау, залалды ерікті түрде өтеу, асырауында балалары бар екенін ескеріп және ауырлататын мән-жайлар ретінде ТЖ жағдайында қылмыстық құқық бұзушылық жасау және олар қабылдаған антты бұзуды қарастырды. Сот оларды кінәлі деп таныды және үш жылға лауазымды қызметті атқару құқығынан айыра отырып, үш жылдан төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", – делінген хабарламада.

Сондай-ақ барлық сотталғандар полиция қызметкерлерінің арнайы атақтарынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.