Тараз түбіндегі жарылыс: қаза тапқандардың кредиті кешірілді

0
782

​Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда 47 несие бойынша берешек толығымен өтелген.


Тараз түбіндегі жарылыс: қаза тапқандардың кредиті кешірілді

ERNUR.KZ. Жамбыл облысында әскери қоймадағы жарылыстан қаза тапқан азаматтар мен олардың әйелдерінің қарызы кешірілді, деп жазады sputnik.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мәлімдеді.

Айтуынша, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Жамбыл облысы әкімдігімен, банктермен және өзге де қаржылық ұйымдармен бірлесіп, Байзақ ауданында жарылыстан қаза тапқан азаматтардың отбасыларының борыштық жүктемесін азайту бойынша шаралар қабылдады.

"Банктермен, микроқаржы ұйымдарымен және коллекторлық агенттіктермен жүргізген жұмыстарымыз нәтижесіз аяқталған жоқ. Төтенше оқиға салдарынан қаза болған азаматтардың – қарыз алушылар мен олардың артында қалған жесірлерінің берешектерін толық көлемде есептен шығару жөнінде бірыңғай шешім шықты. Бүгінгі таңда 47 несие бойынша берешек толығымен өтелді", - деді Сапарбаев.

Ол жергілікті билік бұдан өзге де көмек көрсету шараларын қолға алғанын атап өтті.

Еске салайық, 26 тамыз кешке Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінде өрт басталып, артынша оқ-дәрі жарылды. Кем дегенде 10 жарылыс болған.

Төтенше жағдайдан қаза тапқандар саны 17 адамға жетті. Оның ішінде 10-ы – азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері, алтауы – қорғаныс министрлігінің әскери қызметкерлері және бір әскери прокурор. Бір адам хабар-ошарсыз кетті.

Жарылыстан кейін қорғаныс министрі болған Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетті, оның орнына Мұрат Бектанов тағайындалды.