Таразда тандыр наннан шеге шықты

0
1 049

Наубайхана шаһардағы бұрынғы көк базар маңындағы ескі сарайда орналасқан.


Таразда тандыр наннан шеге шықты

ERNUR.KZ. Тараз қаласында тандыр наннан шеге шығып, жер­гілікті тұрғындардың жағасын ұстатты, деп жазады ҚазАқпарат.

Тараз қаласы «Мыңбұлақ» шағын ауданының тұрғыны Лаура Азат­бекова үй маңын­дағы дүкен­нен әдеттегідей нан алып келеді. Түскі ас ішуге қамданғанда, тандыр нанның ортасынан шыққан шегені байқайды. Мұндай жағдай болады деп ойламаған тұрғын бұл көріністі дереу бейнекамераға түсіреді.

«Ба­лалар үйде болмай қалды. Әйт­песе, олар нанды тіс­теп жегенде не болатын еді?! Енді санэпидқадағалау мекемесі мұндай оқиғаларды болдырмау үшін бәрін қарап, тексеріп шықсын», - дейді ол.

Аталмыш дүкенге нан жеткізуші наубайхана шаһардағы бұрын­ғы көк базар маңындағы ескі сарайда орналасқаны белгілі болды.

«Біз тек шағымданушылардың арызы бойынша ғана тексеріс жүргізе аламыз. Шағымға байланысты жоспардан тыс тексеріс кезінде нысанда кемшіліктер анықталып жатса, Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 425-бабы, 1-бөлімі бойынша хаттама толтырылып, айыппұл салынады. Сондай-ақ кемшіліктерді жою туралы нұсқама беріледі»,- дейді Жамбыл облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің тағам обьектілерін санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Мағфуза Давилова.

Алайда, ол жергілікті тиісті мекемелер кәсіпкерлерге тікелей тексеріс жүргізуге дәрменсіз екенін айтады. Ол үшін еліміздегі жеке кәсіпкерлікті қорғайтын заң бойынша прокуратураның арнайы рұқсаты қажет.