Тараздағы жаппай төбелестен 8 сынып оқушысы ажал құшты

0
1 012

Қайтыс болған оқушыға сегіз рет пышақ ұрылған.


Тараздағы жаппай төбелестен 8 сынып оқушысы ажал құшты

фото кадрдан алынған

ERNUR.KZ. Таразда жаппай төбелестен 15 жастағы жасөспірім ажал құшты. Марқұмның туыстарының айтуынша, оған сегіз рет пышақ ұрылған. Біреуі кеуде тұсына тиіп, өкпесі мен жүрегін зақымдаған, деп жазады ktk.kz.

Дәрігерлер көп қан жоғалтқан сегізінші сынып оқушысының өмірін сақтап қала алмады. Қайғыдан қан жұтқан отбасы енді кінәлілер жазадан құтылып кете ме деп қорқады. Өйткені бұл төбелеске қарсы жақтан 16 адам қатысқанымен, тек жалғыз адам кінәні мойынына алған.
Оралбек Кедебаевтің өмірі небәрі 15 жасында қиылды. Ол бір отбасындағы 6 баланың төртіншісі. Жеткіншек болашақта әйгілі спортшы болуды армандаған. Сол бала қиялы өзінің тәнімен бірге жер қойнына кетті. Бауыр еті – баласынан айырылған Бейсенбай Құтышев "ұлымды жабылып өлтірді" дейді. Кінәлілердің кешірім сұрауға да жарамағанын айтады.
"Адамың өліп, қаның қайнап жатқанда алдыңа келсе, атаңның құнын кешесің дейді ғой. Алдымызға келсе, кішкентай да болса ашуымыз басылып, кішкентай да болса, қайғымызға ортақтасқанда шеріміз тарқар еді. Бірақ ондай іс-әрекет көрмедім", - дейді марқұмның әкесі Бейсенбай Құтышев
Оралбек Кедебаев биыл сегізінші сыныпты аяқтаған. Оның құрдастары да төбелеске бірге барған. Ерегістің нақты неден туындағаны қазірше белгісіз. Бірақ түн жарымда мәселе шешуге бесеуі барып, 16 адамның қарсылығына тап болған. Арасында өздерінен бірнеше жас үлкендері де болыпты. Ал төбелеске қатысушылардың айтуынша, қарсыластары марқұмды пышақтаған соң қашып кеткен.
"Орал бауырларым пышақтап кетті деп айғайлап, осы жерге келіп құлады. Оны біз алып кеттік. Пышақтағандар қашып кетті", - дейді.
Қайтыс болған оқушыға сегіз рет пышақ ұрылған. Кеуде тұсына да тиіпті. Сол жарақаты ажалына себеп болса керек. Өйткені жүрегі мен өкпесіне зақым келген. Көп қан жоғалтқан жасөспірімді дәрігерлер құтқара алмады. Ал тәртіп сақшылары осы іске қатысты тек 16 жастағы бір күдіктінің ұсталғанын айтады.
"Қазір төбелеске қатысушылардың бәрі анықталып, жауап алынды. Аталған дерекпен Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлімімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды", - деді Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.
Қазіргі кезде күдікті ұсталып, Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.
Марқұмның әкесі Бейсенбай Құтышев жалғыз адамның жауапқа тартылғалы жатқанына наразы. Оның айтуынша, 16 бала түгелдей қамауға алынуы тиіс екенін айтады. Себебі, "барлығы кінәлі".
"Менің балам аралас жекпе-жекке қатысып жүрген. Ол бір балаға пышақтатпайды. Пышақтаған бір бала екен деген – ақылға қонымсыз. Бір бала түгілі, екі-үш балаға да балам пышақтатпайды. Ол жерде 16 бала бәрі пышақтап отыр ғой", - дейді ол.
Жаппай төбелесте Оралбектің 3 досы да жарақат алғанын айта кетейік. Мұрны сынған бір құрдасы ауруханада жатыр. Оның өміріне төнген қауіп жоқ. Ал қалғаны жеңіл жарақатпен құтылған.